М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 2023 жылдың 18 мамыр күні Ұлттық театр музейіне - 55 жыл толуына орай МУЗЕЙ ТҮНІ шарасы өтті.
Мәдени шараның мақсаты - қазақ өнерінің қара шаңырағы, ғасырға жуық тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің 55 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған «Музей түні» іс-шарасы қарсаңында қара шаңырақтың өнер белестерін, белгілі өнер тұлғаларының майлы бояумен салынған портреттерін, әртүрлі қойылымдарда киген ірі тұлғалардың тері сіңген сахналық киімдерін, марапаттарын, медальдарын, алғыс хаттарын, қолданған бұйымдарын, әр спектакльдерден түсірілген суреттерін, баспасөз басылымдарына шыққан мақалаларын, зерттеулерін, эсселер мен очерктерін, т.б. жинақталған құнды жәдігерлермен өнер сүйер қауым мен өскелең ұрпақтарға таныстыру.
Шара аясында, О.Жанайдаровтың «Екеуміз» драмасы қойылған болатын.
Әрине, театрдан әркім өзін және өзінің көргісі келгенін көреді емес пе? Меніңше, бұл қойылымда, Олжас Жанайдаров қоғамдық ортада, бүгінгі адамдар арасында жиі кездесетін қарапайым жандардың өзін және өзгені түсінуі, қарапайым ғана сөйлсе алу, ести-алудың маңыздылығын көрсеткісі келді. Мұнда бір-бірінің жанын түсіне алмай, өз сезімдеріне иелік етуге ұмтылғандардың махаббат үшін күресі әдемі бандалады. Бірақ, бірге болу үшін тек қана сүю аздық етеді емес пе?
Иә, ерлі-зайыптылар арасындағы желік сезімді, тұрақсыздықты, қызғанышты, жалпы, бүгінгі күннің сипатын беруге тырысқан пьеса қалың ккөпшіліктің жүрегіне жетті деп ойлаймын. Сұрғылт түсті сұрқай тіршілік пен жанды пластика әдемі үйлесім тапқандай.
Диалог барысында әрқайсысының ойын, үнін естуге болады. Жан айқайын сезінуге болады. Әлбетте, әр кейіпкердің өз шындығы бар. Ал, ақиқат – біреу-ақ. Ол ақиқатты түсіну көрерменнің өзіне қалдырылғандай... Солай болуға тиісті, әрине.
Расымен де, бұл мәселе күллі адамзат баласын толғандыратыны сөзсіз. Сондықтан режиссер мен шығармашылық топ осы мақсаттың үдесінен шыққан деп сеніммен айтуға болады. Спектакльден әр көрермен өзіне керегін алып шыққаны анық.