АРИДАШ ОСПАНБАЕВА, режиссер: Көрерменді жалған пафоспен алдаусырата алмайсың

– Аридаш ханым, сұхбаттарыңыздың бірінде, бала көзіңізде актриса болуды армандағаныңызды айтып едіңіз. Режиссерлікке қалай келдіңіз, кім әсер етті?

– Бала кезімде театрға деген махаббатымды оятқан – актриса боламын деген арманым еді. Кішкентай баланың санасында, әдетте, режиссура деген мамандық туралы түсінік болмайды ғой. Бірақ ойланып отырсам, жастайымнан режиссуралық қабілетім бар екен. Қуыршақ ойнауымның өзі бөлек қойылым еді. Қуыршақ ойнап отырып, оған міндетті түрде бір трагедия тауып беріп, сценарий құрған ұнайтын. Фантазиям да шексіз еді. Мектеп кезінде алдымен актрисалық мамандықты оқып, кейін магистратураға режиссуралыққа түсемін деген ой болды. Себебі сабақпен қатар, өнер мектебінде оқыдым. Онда маған Назгүл Сапарова деген ұстазым сабақ берді. Академияға түсер кезде, мен кәсіби тұрғыда көп ақпаратты білген едім. 6-сыныптан бастап, кино да, әншілік, я бишілік те емес, дәл осы театр өнерімен өз өмірімді байланыстырамын деп мақсат қойдым. Содан кейін ешқашан таңдауымды өзгерткен емеспін. Бұрын ойымда режиссураға тек қартайған, 10-20 жыл театрда жұмыс істеген адамдар бара алады деген қате түсінік болды. Академияға түсер кезде алғашқыда муздрамаға тапсырған едім, емтиханды Есімхан Обаев алды, ол кісі де, жанындағы комиссия мүшелері де мені көрген сәттен оң қабақ танытты. Алайда, Есімхан ағаға менің бойымның ұзындығы ұнамаған сынды. Кейін Алма Какишева, Ерлан Біләл, Рахиля Машурова апай-ағайларым қызығып, өз шеберханаларына шақырған. Қазірдің өзінде сол кезде «актрисалық өнерді таңдау керек едің ғой, біз сенен Сәбира Майқанованы көрген едік», деп ескертіп қояды (күліп). Рахиля Машурова апайым өзіне бірнеше рет шақырды, бірақ мен Әубәкір Рахимов ұстазымның шеберханасын таңдадым. Оған титтей де өкініш, «қап, әттеген-ай» дейтін сәттер болмапты. Дәлізде тұрған сәтімде Әубәкір аға өтіп бара жатып, «Сен қыз маған керексің, менің шеберханама кел», деген сөзі мені бірден баурап алды. Менің тік мінезділігім мен алған бетімнен қайтпайтын ұстанымым ұстазыма ұнаса керек. Бір көзқарастан-ақ ұстазым мені, мен ұстазымды таңдадым. Ұстаздың мықтылығы – шәкірттің бағы.

– Ең алғашқы қойылымыңыз «Жүрегімнің иесі» еді. Көрермен ретінде, маған қойылым ұнады. Жоғары деңгейде сахналанған. Дебютыңызды психофизикалық драмамен бастау қорқыныш туғызған жоқ па?

– Менің профессионалды дебютім 22 жасымда қойылды, ол кезде әлі студент едім. «Жүрегімнің иесі» психофизикалық драмасы бір жағынан менің кәсіби режиссер ретінде үлкен сахнада қойылған алғашқы дебютым болса, енді бір жағынан дипломдық жұмысым болатын. Оған дейін академия қабырғасында эксперимент ретінде әртүрлі тақырыптағы үш-төрт спектакльге режиссер болып көрдім. Абсурд тақырыптарға ерекше қызықтым. Болашақ режиссерларға айтарым студент кезде, академия сахнасында түрлі эксперимент жасаудан қорықпау керек. Себебі үлкен аудиторияға арналған сахнада ойыңдағы эксперименттің барлығын жасап көре алмайсың. Ал студент кезінде биікке көтеріліп көру де, құлап алу да маңызды. Өзіңе жақын болуға ұмтылған барша жандарды әралуан жеке дүниетанымдарына қарамастан, айнала дос тұт. Сол секілді кез келген тәжірибеге, мүмкіндікке ашық болған дұрыс. Академия қабырғасында «J-Art» (Жүргенов арт) деп аталатын кішкентай ортам болған. Сол ортада біт қайнасып, түрлі жұмыстар істедік. Ал алғашқы кәсіби дебютымды өзім таңдамадым, маған дейін 3 режиссердің қолынан өтіпті. Бұдан бұрын бірнеше режиссер әртүрлі себептермен қоя алмаған. Театрға алғаш қабылдаған Ерлан Біләл ағамыз пьесаны ұсынып, пікір білдіруімді сұрады. Оқыған соң, әйел теңсіздігі мен әйелдің ішкі әлемі мені шабыттандарып жіберді. Пьесаның тақырыбы қазіргі кезде өзекті боп көрінді. Осы қойылымнан соң мен Әуезов театрындағы ең жас режиссер атандым. Пьесаны қоятын боп бекігеннен кейін шығарма авторы Айдана Аламанға хабарластым. Ол күліп: «Бұл спектакльді 3 режиссер қоя алмаған, сен де шығара алмайсың-ау», деді. Мен қолымнан келетінін айттым. Нәтижесінде спектакльге бірнеше өзгеріс енгізіп, со-автор ретінде бірігіп, жақсы туынды жасап шықтық. Сол кезде хореограф Гузель Мұхамеджанова, мен де, Айдана да тұрмыс құрмағандықтан, кейіпкердің ішкі дүниесін барынша ұғынып, жастардың талғамындағы жаңа туынды жараттық. Басты кейіпкер – Дариғаның болмысындағы кей мінезі, айтатын сөзі аздап маған ұқсайтыны рас. Себебі мен қойған кез келген туындыда менің режиссерлық позицияммен бірге, адами позициям көрініс табады. Мен қалай сезінемін, солай жұмыс жасаймын. Бар-жоғы 15 күнде 3 құраммен керемет туынды жасап шықтық деп ойлаймын. «Жүрегімнің иесі» – қазір жиі қойылатын, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген спектакльдің бірі. Ылғи аншлаг болып, билеттер жаппай сатылып кетеді. Бұл спектакльді қояр кезде жас болсам да, алғашқы жұмысым болса да, сыннан да, сөзден де қорықпадым. Бізге жас режиссер ретінде «Қорықпадың ба?», «Қорықпайсың ба?» деген сұрақтар жиі қойылады. Бірақ мен неге немесе кімнен қорқуым керек? «Қан мен тер. Ақбала» спектаклін қайталап қоятын кезде де: «Бұл шығарманы Әзірбайжан Мәмбетов қойып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қайта қоюға қорықпайсың ба?», – деген сұрақтар жиі қойылды. Бірақ бұл 47 жыл бұрын алынған мемлекеттік сыйлық еді. Әр режиссердің өз нюансы мен ерекшелігі, көзқарасы мен жаңалығы болады. Ұрпақтар сабақтастығы алмасқан сайын, режиссурадағы принциптер мен көзқарастар да өзгеріп отырады. Көрерменнің талғамы да 47 жылдың алдындағыдай емес. Театр тарихында әр режиссердің орны бар. Ешкім ешкімді аяқтан шалып, етектен тартпауы керек. Кез келген идеяны іске асырып көргенде ғана жемісін береді. Сондықтан ешқандай қорқыныш болған емес.

– «Қан мен тер. Ақбала»спектаклі 1974 жылы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Қан мен тер» спектаклінің ремейкі, сіз қайта сахналау арқылы қандай жаңалық енгіздіңіз? Неліктен басты акцентАқбалаобразынақойылдыСпектакльдің сахналық нұсқасын Мәдина Омарова жасаған еді.

– Бұл спектакльді қояр кезде, әріптестеріме менен үлкен жаңалық күтпеңдер деп ескертіп айтып та қойдым. Неге мен үлкен жаңалық әкелуім керек? Неге жай ғана шығарманы қайта қоймасқа? Себебі махаббат үштігі немесе әйелдің ішкі әлемі өзектілігін ешқашан жоймайтын тақырыптар. Ол бұрын да, бүгін де, ертең де өзекті тақырып. Қазір ақтар мен қызылдар жоқ, көрермен бұл жағына қызығушылық тудырмауы мүмкін. Ал махаббат, әйел тақырыптары қай ғасырда да өзекті. Ақбаланың осындай күйге түсуіне кім кінәлі деген сұрақ қойсақ, ең алдымен, Ақбаланың өзі деп жауап береміз. Бірақ қоғамның да кінәсі бар екенін ескере кеткеніміз жөн. Өзгені сүйе тұра, Ақбаланы жар еткен Еламанның да, Ақбаланы сорлатқан Тәңірбергеннің де кінәсі бар екенін неге атап өтпеске?! Сондықтан Ақбаланы ғана мәселенің негізі етіп алып, кінәні бір кейіпкерден, образдан ғана іздеуге болмайды. Бұл жағдайға күллі қоғам кінәлі. Қоғам әйелдерді, тіпті адам адамды түсінбеуі, түсінуге тырыспауы – ең үлкен кемшілігіміз. Біз тек ситуацияға бір жақты көзқараспен баға беріп, өзіміздің сана деңгейімізде ой қалыптастырамыз. Себебі біз бір-бірімізді тыңдағымыз келмейді. Қарама-қайшылықтың басталатын тұсы да – осы. Спектакльдің соңында Ақбаланың «мен кештім» деуі бекер емес. Себебі өзін осындай деңгейге жеткізген қоғамнан кешірім сұрап, әрі кешіп тұр. Режиссер ретінде әйел жаны мен психологиясына тереңірек бойлауды жөн көрдім. Бұл қойылымнан соң, мені «феминист» деп атайтындар да табылды… Бірақ әйел тақырыбы, атап айтқанда, оған ең алдымен адам ретінде еркіндігі мен таңдау құқығының бұзылуы – қай кезде де өзекті тақырып. Спектакльді қою барысында, актёрлік құрамның жұмысы басым болды. Мен режиссер ретінде актрисаға басымдық бердім, себебі қазіргі көрермендерді жалған пафос пен көзбояушылық ойынмен алдаусырата алмайсың. Талантты болу өз алдына, ізденгіштік пен білімділік және тапқырлық пен табандылық керек-ақ. Жаны бар актер ғана берілген рөлді көрерменге толығымен жеткізе алады. Актер, ең алдымен, образдың ішінде өмір сүру керек.

– М.Әуезов театрының 95-маусымын ашқан «Абай жұмбағындағы»Абай бейнесі осыған дейін сахналанып, фильмде көрсетіліп келген Абайдан қандай айырмашылығы бар?

– Спектакльдің «Абайдың жұмбағы» атауының өзі көрерменге ой салады.Біз ұлт дәрежесінде Абайдың жұмбағын шеше алдық па? Алдымен, өзімізге сұрақ қойсақ. Біз адам ретінде өз жұмбағымызды шеше алдық па? Жауабы анық – «Жоқ». Біз өз санамыздағы сұрақтар мен ойларға жұтылып кетердей боп, өз болмысымыздың жұмбағын шеше алмай жүргенде Абайдың жұмбағын шеше алдық деп айта алмас едім. Абайдың жұмбағын шешуге болады… бірақ ұлт деңгейінде шеше алдық, Абайдың болмысын қабылдай алдық деп ойламаймын. Бұл жерде жалпы спектакльдегі контекстке мән беру керек дер едім. Қойылымды көрсеңіздер, ол – Абай Құнанбайұлының сөздерінде жатыр. Бұл – адамда бір ғана жұмбақ болмайтынын және Абай жұмбағын шешу мүмкін емес екенін білдіреді. Абай – ұлттық қана емес, әлемдік деңгейдегі ақын. Мен Абай образын жасарда, шама келгенше, халыққа жақын етуге тырыстым. Пафоссыз, ұран сөздерсіз жасалған Абай образын жасауды қаладым. Абай мен халықтың арасында үлкен қорған орнатылып қалған. Негізі біз Абай шығармаларына тісіміз батпайды деген пікір қалыптастырып, оны соншалық күрделендіріп алдық. Біздің міндетіміз – оқу және ойға түю. Спектакльде Абай Құнанбайұлының өзіндік шығармашылығы және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасы аясында болады. Онда жас Абай деңгейінен философ деңгейіне өту процесі көрсетіледі. Және де өмірінде болған кульминациялық сәттер жиынтығы көрсетіледі. Ол Тоғжанмен айырылысуы, Құнанбайдың өлімі, Әбіштің өлімі, халықтың Абайды түсінбеуі мен қабылдамауынан туған дау-дамай тамұқ сахналарын қосып, сол арқылы шешім іздедік.

Кәсіби театр сыншыларының пікіріне қаншалықты мән бересіз? Әлде, «біткен іске сыншы көп» деген қағиданы ұстанасыз ба?

Шынымды айтсам, қазіргі театр сыншыларының жұмысына, пікіріне көңілім толмайды. Дұрыс айтылған сынды қабылдаймын, себебі менің де қате кететін тұстарым болуы мүмкін. Алайда, қазіргі театр сыншыларының кәсібилігіне күмәнім бар. Кәсіби сыншы деп атап жүрген жандар премьера күні қарапайым көрермен сынды келеді де, спектакльді аяғына дейін көрместен, пікір жаза салады. Әркім өз жұмысын жоғары деңгейде орындау керек. Бізге, режиссерларға, жарық пен музыкаға, эффектіге басымдық бересіңдер деп жиі ескерту жасайды. Егер, дұрыс драматургия жазылса, біз қосымша құралдардың көмегіне жүгінбес едік қой. Драматургтар таңғалдырарлық туынды жазса, біз режиссер ретінде кәсіби деңгейде қойып берер едік. Сондықтан драматургиялық кемістіктерді кейде әртүрлі элементтермен толтыруға тура келеді. Сол секілді, кәсіби сыншылар да жазатын сынын кәсіби тұрғыда жазу керек. Отырып алып сын айту кез келген адамның қолынан келеді. Қарапайым көрермен де біткен іске сын айта алады. Ал кәсіби сыншының артықшылығы да оның кәсібилігінде емес пе? Кәсіби сыншы, ең алдымен, пьесаның оқылымына қатысып, режиссерлік процесс пен жасалған еңбекті бақылап, кейін бірнеше құрамның өнерін тамашалай отырып, салыстырып, жасалған жұмыстың басынан аяғына дейін басы-қасында болып, сын жазса толығымен қабылдаймын. Ал өкінішіке қарай, кей сыншылардың әрекеті бұған сай келмейді. Тіпті премьераға келіп, ұйықтап қалған театртанушыларды да байқағанмын. Олардың қасында қарапайым көрермен мен театрды сүйетін журналистер кәсіби деңгейде сын айтады. Мен үшін ұстазым Әубәкір Рахимов пен көрерменнің пікірі әлдеқайда маңызды. Режиссер ретінде басты мақсатым – халыққа сапалы дүние ұсына алу.

– Режиссер ретінде қазіргі қазақ театр өнерінің дамуына қандай баға бересіз? Әлемдік сахнадағы театрларды айтпағанда, көрші елдердегі театр өнерімен өзіміздің ұлттық театрдың дамуын салыстырсақ, деңгейі қаншалықты?

– Бізде қазіргі заманның режиссурасы толық қалыптасып кетті деп айта алмаймын. Дегенмен жаңа сарын байқалады. Атап айта кететін жағдай –қазақтың пьесаларына, қазақ драматургтарының пьесаларына көп мән беріліп жатқаны сезіледі. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Қазақ театр өнерін дамыту үшін әлі талай жұмыстар жасалуы керек, осы жолда өнімді еңбек етіп жатқандарды да білемін. Олар үшін қуанамын, құптаймын. Осы орайда, бір оқиға есіме түсіп отыр. Жыл сайын Мәскеу қаласында Чехов атындағы театр фестивалі өтеді. ТМД елдерінің әр бұрышынан келген көптеген жас режиссерлар бас қосып, тәжірибе алмасатын, қабілетін сынайтын сәт фестиваль. Сол фестивальға бір емес, бірнеше рет қатысып көрдім. Байқағаным, біздің театр өнерінің дамуы ТМД елдерінің деңгейімен салыстырғанда, әлдеқайда көш ілгері. Театр өнері әлдеқайда кешеуілдеп қалған мемлекеттер де бар. Себебі Фархат Молдағалимен барған сапарымызда бір елдің режиссерлерін бірнеше топқа бөлді. Тапсырма бойынша бірнеше елдің режиссерлері біріге отырып, өз ұлтының болмысын танытатын бір спектакль шығару керек еді. Нәтижені көретін кезде, Фархат өз тобында, мен өз тобымда дараланып жүргенімізді байқадым. Басты рөлдерді өзіміз алып, екеуміз екі топта көшбасшылық қасиетімізбен көзге түстік. Қалған елдің актерлері мен режиссерлері қосымша құрамда ойнады. Осыны көріп, біздің режиссерлердің көшбасшылық қасиеті әлдеқайда жоғары екенін ұғындым. Өз тобыңдағы адамдарды қол астыңа бағындырып, жұп-жұмыр туынды шығару үшін адам бойындағы бұл қасиеттің маңызы зор деп ойлаймын. Режиссураның ерекшелігі өзінің ойын, актерлердің ойы ете білуінде. Театр ұжымдық жұмыс болғанымен, спектакльді қоятын режиссердің жалғыз өзі. Сондықтан режиссер қойылымға қатысатын көпшіліктің дем берушісіне, ортақ мақсатқа ұйымдастырушысына, көшбасшысына айналуы керек. Өнердің көкжиегіне жету мүмкін емес. Алға жүрген сайын тылсым бір шексіздікке тап боласың. Содан соң оның құпиясын ашуға ұмтыласың, тырысасың, тырбанып, тер төгесің. «Межелі жерден шықтым-ау, өзімше бір жаңалық таптым-ау» деп мәз боласың. Кейіннен ентігіңді басып, бажайлап қарасаң, әлгі «тапқаның» саған дейін көпке аян ақиқат болып шығады. Сол кезде барып: «Жаңалық дегеніміздің өзі есімізден шығып, ұмыт болған көнеміз» деген сөздің сырына қанғандай боласың. Сондықтан да өнер мәңгі ізденістерді, толассыз алға қарай ұмтылысты қажет етеді. Өзіңнің көкжиегіңе жетуге әрекеттенесің. Ізденіс тоқтаған жерде өнер де тоқырайды.

– Соңғы қойған «Кассандра таңбасы»шығармасының сахналық нұсқасын жасаған Мадина Омарова, ал режиссері өзіңіз. Маған көрермен ретінде спектакль ұнады, атап айтсақ, қойылым барысындағы детальдар мен переходтар жоғары деңгейде шыққан. Бірақ қазір көрерменнің басым көпішілігі арзан әзіл мен жеңіл дүниелерге құмар боп алды. Бұл шығарма антиутопиялық стильде жазылғандықтан, қарапайым көрермен спектакльді қабылдай алмай қалады деген ой болды ма?

Иә, қазірге дейін Мәдина Омаровамен бірлесе отырып, бірнеше туындыны көрерменге ұсындық. Соның бірі – Шыңғыс Айтматовтың «Кассандра таңбасы» шығармасы. Алдымен, Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына қызығушылық танытып, «Ана – Жер-Ана» туындысын қоямын деп ойлаған едім. Алайда, театр директоры «Кассандра таңбасын» оқып көруді ұсынды. Себебі шығарма тақырыбы қазіргі таңда өте өзекті әрі маңызды. Алғаш оқыған сәттен бастап, шығармадан Ғайса пайғамбардың образын, өмірін көрдім және спектакль барысында да сол образды шығарғым келді. Мүмкін, автордың ойы мүлде өзге болар, бірақ мен режиссер ретінде дін тарихымен ұштастырғым келді. Спектакльді көрген әр көрермен түрлі ой түюі мүмкін. Ылғи жеңіл әзіл, арзан ойға қызмет ете бермеу керегін есімізге алғанымыз жөн. Ой саларлық дүниелер де жазылып, қойылу керек. Бұл режиссуралық тәжірибемдегі символикаға толы, ең ауыр қойылымдардың бірі болды. Осы тұста спектакльге атсалысқан құрамға алғысым зор.

zhasalash.kz/ruhaniyat/aridash-ospanbaeva-rezhisser-korermendi-zhalgan-pafospen-aldausyrata-almajsyn-24719.html


Өзге жаңалықтар