Белгілі оқиғаларды тізбектеп айтып шыққанда бар ұққанымыз – біз осындай күн кешіппіз.
М.Әуезов атындағы ұлттық академиялық драма театры жаңа қойылыммен толықты. Театр директоры Еркін Жуасбектің «Құйын» пьесасының негізінде режиссер Әлібек Өмірбекұлы «Құйын» қойылымын сахналады. Негізінде дейтін себебіміз бар. Қойылым көрерменге «Ұжымдық жұмыс» ретінде жол тартты. Авторы – жоқ. Асылы авторы Еркін Жуасбек еді. Пьесаны алған режиссер шығарманың тек идеясын қалдырып, түбегейлі өзгерткенге ұқсайды. Сол үшін де авторы пьесасынан, шығармасы авторынан айырылып отыр. Оған бола, драматург те шамданбаса керек. Әдетте қаламгерлер идеясы ұрланса, я ақ иесі ретінде аты-жөні көрсетілмесе, тулап жатушы еді. Бұл жолы Жуасбек өйтпепті. Көніпті. Оның да өз себебі болуға тиіс. Біз айтқан режиссердің түбегейлі өзгерткені себеп емес сияқты бізше. Өйткені режиссер қанша өзгертсе де, автор автор болып қалуға тиіс. Я Әлібек Өмірбекұлы соавтор болуы керек еді. Бірақ театрдың көркемдік кеңесі «ұжымдық жұмыс» дегенге келісіпті. Енді жақсы пікір айтып мақтағысы келетін көрермен мақтауды нақты кімге айтарын, сын айтпақ көрермен нақты қай адреске сөз арнауын білмей отыр. Автор ұжым – Ұлттық театр болғаннан кейін драматургияға байланысты біздің де сөзіміз жалпы ұжымға бағышталмақ.
Бірінші акт
Үш жарым сағатқа созылған қойылымда уақыт пен кеңістік мидай араласып, бірнеше хронотоп кезек-кезек орын алады. Әр хронотоп белгілі бір кезеңнен туындайды және қойылым сондай бөлшек сахналардан құрылған. Идея тұтас болғанымен, қойылымда тұтас драматургия жоқ. Автор оны мақсат тұтпағаны да көрініп тұр.
Қойылым актер мен режиссердің әңгімесінен басталады. Алдымен бас кейіпкер (Мағжан Асаубай) қойылым туралы орыс тілінде ақпарат айтады. Қайта-қайта дубль жасатқан режиссерге (кейіпкер режиссер) актердің орысшасы ұнамайды. Әрі «мінезді» режиссер әр ұнамаған сайын шелектегі еден сүртетін шүберекпен актерді ұрумен болады. Ақыры запысы шыққан актер режиссерді өзінің құралымен сабап өлтіріп, қазақша таныстырып, ақыры қойылым басталады. Ара-тұра осы кезде арнайы дайындалған адамдар көрермен арасынан «неге қазақша сөйлемейді?» деп айғайлап отырады. Бұл да режиссердің (Әлібек Өмірбекұлы) өзінше тапқан жолы болса керек. Бірақ кейіпкер режиссер «болмайды, дұрыс тілде сөйлеу керек» дегенді қайталай береді. Бұл қойылымның кіріспесі осылай мыжғылап, кемі 15 минут уақыт алып барып, негізгі оқиға басталады.
Бұл арқылы режиссер не айтқысы келді? Мүмкін осы тақырыпты алғанда ұзақ шешімге келе алмай, ұлттық идеяны көтеретін қойылымға біраз уақытқа дейін қысым болған шығар. Мүмкін біздің театрлардың ұлттық тарихты, ұлт көрген құқайды осы уақытқа дейін ашықтан ашық айтып, сахнаға шығара алмай жүргендеріне наразылық па? Жауабын өзіңіз табыңыз.
Бір анығы – біздің театрдың сахнасында орыс өктемдігін, Ресей патшалығы мен Кеңес өкіметінің озбырлығын, басып-жаншып, қолбала жасағанын ашық айтқан алғашқы қойылым болды. Бәлкім, біз қателесеміз. Көзіміз көрген, құлағымыз естіген тұңғыш дүние болды біз үшін. Осы тақырыбы үшін де айтпағы бар «ұжымдық жұмыс» боп көрінді.
Қойылым басталғанда екі құзғын сахнаның екі шетінде тұрады. Кейін олар қазаққа айналып, (Бастарына киген құзғын басын шешеді. Міне, сізге – Аллегория!) бір масаны өлтіріп алады. Екеуі де мас. Бірақ қайсысы өлтіргенін екеуі де мойындамайды. Бірін-бірі кінәлап, ақыры мойындаған болып, тарқайды. Бұл – алғашқы ой.
Енді Николай патша кезін көрсетеді. Патшаның билігіндегі бар жерді айтқанда, патша өзін ұстай алмай, билей береді. Осы жерде режиссер патшаның ішкі күйін сыртқы әрекеттері арқылы жақсы көрсеткен. Бір орында тұра алмай, иелігіндегі жерлерді айтқан сайын ыржалақтап, бақыттан басы айналады. Бұл қимыл арқылы ішкі дүниені көрсетуге талпынған Әлібектің өзіндік ізденісіндей көрінді.
Осы кезде бір кейіпкер шығып, патша отбасын таныстырады. Әр таныстырған сайын мылтық атылып, біреуі өліп отырады. Таныстырған кейіпкерді ойнаған актриса Әсел Сайлауованың ойынын, актерлік шеберлігін айта кету керек. Николай патша рөліндегі актер Дарын Шыныбек те жақсы ойнады.
Бір уақытта сахнаға алып дене шығады. Басы жоқ. Әрине, түсінікті – Кенесары. Бәрі жабылып, бас іздейді. Бірақ таппайды. Сахнаға патшайым Екатерина ІІ шығады. Оны да режиссер сайқымазақ қылып көрсеткен. Ералы мен Нұралы хан келіп, Әбілқайыр ханның хатын оқып, бодандыққа кіреді. Екатерина көбелек ұстауды жақсы көреді. Шын көбелек болмаса, қағаздан көбелек жасап, патшайымның қолындағы ауға көбелек деп тастап жүретін мұжық өлгеннен кейін (Билеуші өлтіріп тастайды) патшайым ауын сілкіп, «көбелек» дейді. Сол кезде Ералы мен Нұралы қағазды патшайымның ауына лақтырып, қолбаласына айналады.
Үлкен плакатқа қазақтардың суреті салынған қағаз шығады. Бұл бодандыққа қазақ халқының кіруі еді. Патшайым рөліндегі Бекжан Тұрыстың актерлік шеберлігі тағы бір көрінген қойылым болды. Өз басым қойылым біткенше Екатерин ІІ-ні ойнап жүрген Бекжан Тұрыс екенін сезген жоқпын.
Бірінші акт Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау» әнімен аяқталады. Бұл ән арқылы қазақтың ауыр хәлін бергісі келген екен деп түсіндік.
Екінші акт
Екінші акт – коллективтендіру кезеңінен басталады. Голощекин шығады сахнаған. Қазақ даласын өртке орайды. Жалы Әлібек Өмірбекұлы барлық оқиғаларды символдар арқылы көрсетеді. Декорацияның өзі сөйлеп тұрды. Бұл тұрғыдан алғанда қойылымның суретшілері Мұрат Сапаров пен Әлібек Өмірбекұлының еңбегі көрінген.
Қазақтардың малын ортаққа салып, «Қош бол, Гүлсарыдағыдай» қазақтың жанына айналған жылқыны ортақ жұмысқа алады. Баласын жылатып, малын ортаға салған әке мен баланың арасында қайшылық тұрады. Бұл ұрпақтар қайшылығы жалпы қойылымның өне бойынан сезіледі. Жас режиссердің өзінде де қалыптасқан жағдайға қарсылық бары көрінеді.
Осы кезде көрермендердің арасынан бір қыз шығады. Хронотоп дереу өзгеріп, қарапайым адам көрермен арасынан шыққандай сөйлейді. «Сендер пьеса қойып жатсыңдар. Бәрі өтірік. Николайды қазақ өлтіргендей көрсетесіңдер, Голощекинді де қазақ өлтірді дейсіңдер. Қазақ ешкімді өлтірген жоқ» дейді. Демек, қазақ өзін қорлап отырған ұлтқа өзі ештеңе істеген жоқ. Қарсылық көрсеткен Кенесарының басын алып еді, басын да таба алмай отырсыңдар. Оянсаңдаршы» деп айғайлап кетеді. Бұл да режиссердің өзіндік жүрісі. Жаңалық емес шығар. Бірақ жалпы көрерменге ұнайтын сөзді осы кейіпкер айтады. Зарина Кәрмен ойнаған бұл кейіпкер адам сенетіндей шықпаса да, актердің ойыны ұнады.
Арман деген кейіпкер атынан айырылған, оны бәрі іздейді. Үйден іздейді. Осы кезде сахнадағы үйлер кішірейе береді. Құдды қазақтың арманы кішірейіп бара жатқандай. Бірақ Арман үлкен үйден шығады. Бұл режиссердің шешіміндей көрінді. Қазақтың арманы үлкен, өлген жоқ. Арманды өлтірмеуіміз керек. Бір үміт бардай.
Түйін
Қойылым соңында маса көбейіп кетеді. Басындағы жалғыз маса есіңізде ғой. Енді маса көп. Қазақ ояну керек. Осынша қанды-қасапты, езгіні көре тұра әлі бұзылмай жатқан сеңді режиссер бұзғысы келетіндей.
Басында пьесаның идеясы алынып, адам танымастай өзгергенін айттық. Ол қойылымда да айтылды. Ұсақ пазлдардан құралған қойылымда режиссер өзінің жеке пікірін тықпалағандай көрінді. Театрға, рас, жаңалық керек. Ұлт кешкен тарихты баяндап отырғанын саналы көрермен түсінді. Бірақ соны баттыйтып көрсетпей, айғайлап айтпай да нәзік жеткізуге болмас па еді? Біз нәзік дегенде лириканы, махаббатты айтып отырғанымыз жоқ. Ю Хуаның «Жизнь» романында, бір отбасының ғана тағдырымен түгел дәуірді суреттеп тастамай ма? Болмаса, Төлен Әбдіктің «Ұлы мен ұры» пьесасында дәуірлердің алмасуы мен ұрпақ қақтығысын да қарапайым бір оқиға желісімен де берді ғой. Суреткерлік деген айғайлау болмаса керек еді. Режиссердің даусы деген аттандау емес шығар.
Белгілі оқиғаларды тізбектеп айтып шыққанда бар ұққанымыз – біз осындай күн кешіппіз. Енді не істемек керек? Мүмкін режиссер қарапайым халықтың, тарихты көп білмейтін көрерменнің деңгейінде бір қойылым қойғысы келді ме екен?
Бір анық бар. Бізге әртүрлі қойылым керек. Әртүрлі режиссерлердің болғаны да жақсы. Өнер сол кезде дамиды.
***
Елімізге белгілі режиссерден де пікір алғанбыз. Бірақ режиссер пікірді өз атынан жарияламауды өтінді. Бұндай пікірді өзгенің де атынан жариялай аламыз. Бірақ режиссердің есімін жасырып, пікір жариялауды жөн көрдік.
Ешқандай драматургия заңдылығы жоқ
Кеше Әуезов атындағы ұлттық драма театрында «Құйын» деген спектакль қойылды. Бұл не? Таза мазақ!
Қазір тик-ток деген дүние шығып, біз сияқты кішкентай ұлттардың ермегіне айналды. Бүкіл қоқыс сол жерге шығады. Және бала-шаға, кемпір-шалыңызды сол жерден табасыз. Ондағы әңгімелерді естісеңіз шошисыз. Кеше тура сол болды. Сахнада ойына келгенін істеді. Ұлттық құндылықтарды әбден мазақтап, Әуезов театрының атына кір келтірді. Спектакль басталмай жатып орысша сөйледі. «Драматический, национальный театр имени Мухтара Ауэзова...» деп жарты сағат мыжғылады. Не мазақ бұл?
«Қыз Жібекті» мазақ қылды. Ешқандай драматургия заңдылығы жоқ. Пьесаның авторы болады. Бұл жерде ешқандай автор жоқ. «Ұжымдық жұмыс» депті. Бұндай дүниені Халық театры да қоймайды. Бұны көркемдік кеңестен өткізіп, сахнаға шығарған театр директоры Еркін Жуасбекті, көркемдік жетекші Асанәлі Әшімовті жауапқа тарту керек. Асанәлі 88 жасқа келген адам. Ол ештеңені шешпейді. Жәй ғана отырғызып қойған адам. Оның орнына театрды жақсы білетін, заманды да түсінетін білікті кадр тағайындалуы керек деп ойлаймын.
Ал Еркін Жуасбек деген кім деп қарасам, ғылым кандидаты екен. Не жазды екен деп іздесем, қуыршақ театры туралы бірдеңе жазған болыпты. Соны қорғатқан Бағыбек Құндақбаев ағамнан: «Бұл не нәрсе?» деп сұрап едім, «Қайтесің, жүре берсін» деген. Сол жүре беретін адам ұлттық театрға қайта келіп, театр статусын әбден төмендетіп отыр.
Қазір ғылымыңыз да құлдырады. Әдебиетті оқымайтын күнге жеттік. Не екенін де білмейміз. Халықтың жалғыз баратын жері, көретін ұлттық сахнасы, еститін рухты сөзі – кеше құрыды. Енді театрға ауыз салдық. Былай кете беретін болса, ертең, біліп отырмын, іш киіммен ғана актерлерді сахнаға шығарады. Америкада сондай театрлар бар. Сонда біз өзімізді әбден мансұқтап, жоққа шығарып, үмітсіздікке ұрынып, құруымыз керек пе?
Қойған режиссердің аты – Әлібек Өмірбекұлы. Күні кеше Шымкентте «Қораз» деген қойылымы болды. Сонда таныс жігіт шақырған соң барып едім. Сахнада дәретке отырған жоқ. Қалғанының бәрін істеді. Ваннаны қанға толтырып, үстеріне жақты. Ақылға қонбайтын қылықтардың бәрі көрінді. Енді соны ұлттық театрдың сахнасына шығарып отырмыз.
Әр дүниенің авторы, режиссері, суретшісі болады. Сол заңдылықпен жүретін үрдісті жоғалтып отыр. «Құйын» деген пьесаны Еркін Жуасбек жазған екен. Соны Әлібек алып, идеясын пайдаланды дейді. Онда Еркін жауап берсін.
Ұлттың тарихын айту керек. Қорламай! Ұлттың рухани хәлін айту керек. Мазақсыз!
Сатиралық рең қосқандай болады бұлар. Көрермендердің арасына өз адамдарын қойып, әдейі айғайлатып қойыпты. Ешкім сезбей қалатындай. Бәрін біліп отырмын. Бұл театрды дамытпайды. Кеше пьеса да болған жоқ. Спектакль де қойылған жоқ! Премьера өзін ақтамады.
Сәбит Құрманбеков, режиссер:
Эзоптық тілмен сөйлеген қойылым
Бұл қойылым маған ұнады. Кинода артхаус деген ұғым бар. Бұл сол сияқты. Классикалық, бір шеңбердің ішінде ғана жасалатын қойылымдарды көріп жүрміз ғой. Бұл режисссер сол шеңберді бұзып отыр.
Қойылымды көріп отырып, бір параллель жасадым. Кинода Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин деген режиссерлер бар. Бұлардың тілдері неореализм. Реализмге ұқсайды, бірақ реализм емес. Кезінде біз жаңа толқын боп келгенде, бізде реализм тілі болатын. Маған тілі ұнады. Сарказм бар. Сарказм сатира емес. Сатира – ашық күлу. Сарказмда мысқыл бар. Бұл мысқыл өте жақсы. Тоталитарлық жүйені, империялық басқыншылықты мысқылдап көрсетеді. Бәрін айтып кеп, винегред жасаған.
Маскамен шыққанда, Мағжан (актер – Мағжан Асаубай) терезенің ар жағында тұрады. Сол кезде негізі қойылым басталды. Сонда камералық театр сияқты көрінді. Көрерменмен байланыс орнатудан бастайды. Бұл – камералық театрға тән тәсіл.
Қазіргі жастар эзоптық тілді алған. Бізде жабық тоталитарлық жүйе ғой. Әлі демократия жоқ. Әлі ұлт бола алмай отырмыз. Қойылымда соның бәрі айтылды. Кезінде француздарда шындықты әшкерелейтін. Ашық мазақтамайды, бірақ мысқылдауға болады. Сол тұрғыдан алғанда ұнады.
Бұл қойылымның тілі қатқылдау болғаны рас. Бізді де кезінде нәзіктік жоқ деп сынаған. Бұл өзі сондай стиль. Кез келген шығарма оқиғаны айтып беру керек. Мен тіліне мін қоя алмаймын. Бізде нәзіктік толып жатыр. Бұл басқа жол іздеген. Маған ұнағаны сол. Өзіндік жол тапқысы келген. Этнографиялық бағыт та бар. Жылқы мен жас баланың оқиғасы, қыздың оқиғасы қызық. Әсіресе маған «Қыз Жібекті» көрсеткен жері ұнады. Сарказм ол. Қазіргі аласапыран кезде өнерде де аласапыран болу керек. Бұл катаклизмге әкеледі. Катаклимзмнің алдын алу үшін тіл қатқылдау болуы керек. Бұны өнерді мазақтау деп түсінуге болмайды.
Мен өзім жұмсақ режиссермін. Театрдың актерлерін киноға аламын. Ал Дәрежанға (режиссер – Дәрежен Өмірбаев) ол ұнамайды. Театр мен кино екі бөлек деген әлем деген тәрбиемен өскенбіз. Соңғы кезде сол дұрыс емес пе деген ойға келдім. Өйткені театр актерлерінде нәзіктік, ұстамдылық бар. Театрда біз байқамайтын, елемейтін, көпе-көрінеу қабылдамайтын заңдылықтарды түсіндім. Метафора, символ дегенді театр жақсы көрсетеді. Бұндай қойылым болуы керек.
Әрине, «Қыз Жібекті», ашаршылық, репрессия сахналары дөрекілеу. Сонда да бұл керек. «Енді қайтеміз?» деген сұрақ осы қойылымнан кейін көкейіңізде тұруы керек. Жылатып отырып күлдіру, күлдіре отырып жылату деген бар. Дантенің «Құдіретті комедиясы» сияқты дүние ғой.
Маған ұлтымыздың өткен жолын, тіршілігін, тарихын жинақтағаны жақты. Ұнады. «Не істейміз?» деп отыра бермей, енді қайда барамыз соны ойлау керек. Толық ұлт бола алмай отырмыз. Ұлттың өзінің тілі болуы керек. Біздің халқымыздың жартысы өз тілінде сөйлемейді. Басында шала орысшамен бастайды ғой. Сол ішіміздегі күйді көрсетіп отыр.
Кезінде Болат Атабаев театрға жаңа жол әкелген. Енді Әлібек Өмірбекұлы деген жас режиссер келіпті. Өзіндік соқпағы бар екен. Сол үлкен бір жолға айналуы тиіс. Театр үшін! Өнер үшін!