Күле отырып жыладық

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 98-маусымы жаңаша қарқынмен, өзгеше стильде басталғандай. Көпшілікке қалыптан тыс дүние өрескел қателік болып көрініп, шығармашылық жұмыстың сыналып жататын сәттері, әрине, болады. Бізді сүйсінткен дүние – жас режиссер Әлібек Өмірбекұлының шығармашылық еркіндікке толы ізденісі мен қайсарлығы. «Құйынның» премьерасынан соң театрсүйер қарапайым  көрермен мен театр сыншылары режиссерді даттаушылар мен мақтаушылар деп екіге бөлінгендей-ақ көрінді. Бірі жас маманның режиссерлік жаңа тәсілін бағаласа, бірі ұлттық театр деңгейін төмен түсірді деген пайымда. Біз де «Құйынды» өз түсінігімізше талдап көрдік.

«Құйын» Әлібек Өмірбекұлының алғашқы спектаклі емес. Режиссердің «Гамлет. Қарагөз. Фауст» триптих-спектаклі, «Қораз», «Дон Кихот» сынды қойылымдары да көпшіліктің көңілінен орын алып жүр. Әлібек – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, Наташа Дубстың шәкірті, «Маса» студенттік театрының негізін қалаушы. Мәскеуде білім алып, еліміздің бірнеше белді театрында шығармашылық қызмет атқарған маманның ұлттық театрда шеберлігін шыңдауына қарсылығымыз да, таласымыз да жоқ. Керісінше, режиссердің жаңа тәсілдеріне қарап, іштей қызығушылық таныттық. 

«Құйын» драмасының әу баста авторы театр директоры Еркін Жуасбек болған. «Құйынның» идеясы шығармаға арқау болғанымен, рухани орданың басшысы өзін автор ретінде көрсетпей, ұжымдық жұмыс деп бағалауды жөн санаған. Бұған себеп Әлібектің жаңа формадағы шығармашылық ізденісі  болса керек.

«Қанша жерден директор болсам да, шығармашыл адаммын. Өз шындығым болса деймін. Әлібек пьеса идеясын алып, жұмыс істеймін дегенде, оған кедергі жасамаймын деп уәде бердім. Спектакль дайын болғанда қарасам, мен ойлап тапқан сюжет пен оқиға, тіпті мен жазған мәтін де жоқ. Көргенім керемет дүние болуы мүмкін, бірақ өз шындығым бар ғой. Мен істемеген болсам, неліктен олардың табысына жармасуым керек? Түн ұйқымды төрт бөліп жазғаным, ойлап тапқаным ол жерде болмаса, мен не үшін автор болуым керек? Оны жасаған – режиссер мен актерлер, яғни шығармашылық ұжым ғой. Ұжымның ішінде мен де бармын. Жеке өзім директор екенмін деп олардың еңбегін иелене салу менің шындығым емес. Шын ниетіммен барымды салып көмектестім. Жақсы дүние жасауға не керек деп сұрап отырдым. Сұрағанын түгел беруге тырыстым. Спектакль табысты болмаса, оған да мен жауап беремін. Сондықтан ұжымдық жұмыс деп жаздым», – деді Еркін Жуасбек. Әлбетте, театр директорының Әлібектің ізденісі мен жұмысына еркіндік сыйлап, еңбегіне құрметпен қарап, бар мүмкіндік-жағдай жасағанына риза болдық. Екі актіден тұратын, үш сағатқа созылған қойылымда пайдаланған реквизиттер мен сахналық киімдердің дизайны да, сапасы да көңілімізден шықты. Декорацияның өзі сөйлеп тұрғандай. Әрі қойылымға техникасы мықты актерлер арнайы таңдалып алынған. Шығармашылық құрамда Б.Тұрыс, Ж.Маханов, М.Қапалбаев, А.Сатыбалдиева, С.Бақаева, З.Қарменова, Е.Тұрысов, М.Асаубай, Д.Шыныбек, Ә.Сайлауова, Ә.Базарбай, Қ.Демеуов, Г.Досанова қатарлы өнер иелері бар. Сондықтан да режиссер үшін қай қырынан да қолдаудың сәтті болғанын түсіндік.

Ал енді сөзіміз түсінікті болуы үшін қойылымның сюжеті жайында аз-маз тарқатып, көрерменге ұнаған бірнеше тұсын айталық. Алғашқы акті актер мен режиссердің әңгімесінен басталады. 

Қойылым басталмастан бұрын шыны терезенің ар жағында бас кейіпкердің (Мағжан Асаубай) асықпай жиналып, бірнеше минут бойы киінгеніне қарап, «Қазір не болмақ? Бұл адам не істеп жүр?» деп сахнаға елеңдеп қарай беріппіз. Әр ұсақ бөлшекке, әр қимылға ерекше назар аудардық. Режиссер мәтіннен гөрі, қозғалыс-әрекет, мимика, пантомимамен керемет жұмыс істеген. Әдетте көрермен бірсарынды, ұзақ мәтіннен шаршап кетеді, мұнда қозғалыс-әрекетке басымдық берілгеніне қуандық.

Алдымен бас кейіпкер ортаға шығады да, шығармашылық жұмыс жайлы орыс тілінде таныстырады. Режиссерге актердің орысша сөйлегені ұнамай, қайта-қайта дубль жасатады. Актердің тілі ұнамаған сайын режиссер дымқыл шүберекті актердің бетіне лақтырып, сабалаумен болады. Актер қазақша айтқысы келеді, бірақ режиссер орысша сөйле деп ұрсып-жекумен болады. Көрермен залында арнайы дайындалған адамдар «Неге қазақша айтпайды?» деп дауыстап отырады. Бұл да бір режиссердің шығармашылық амал-тәсілі деп бағаладық. Осы детальдің өзі кемінде 15 минут уақытты алды. Алғашында қайталанып жасалған дубль көрерменге қызық көрінгенімен, алтыншы-жетінші рет актер сахнаға шыққан кезде іш пыстыра бастады. Әрі актердің «драматический национальный театр имени Мухтара Ауэзова...» деп қайта-қайта айтқаны құлаққа түрпідей тиді. Ұлттық театрда қазақ тіліне әбден құлақ үйренгені түсінікті жайт. Дегенмен бұл эпизодтың астарында бір мән жатқандай. Режиссер аталған эпизод арқылы зұлматты жылдардағы қазақ халқының өз тілінде де сөйлеуге қолы жете алмағанын көрерменге іштей сездіргісі келгендей. Астарлы ойды жиналған қауымның титығына  тигізбей-ақ, бірнеше рет дубль жасатса да жеткілікті еді деген ой туды. Алайда астар-ойдың нақты жауабын таба алмадық. 

Қойылымның басында сахнаға екі құзғын шығады, кейін олар адамға айналып, бір масаны байқамай өлтіріп қояды. Екеуі де – мас. Масаны кім өлтіргенін екеуі де мойындамай, ұзақ сөз талас-тырады. Масаны кім өлтіргені жұмбақ болып қалады, екеуі де өтірік мойындаған секілді қылық жасайды да, сахнадан кетіп қалады. Бұл аллегориялық астарлау қазіргі сәтте де кейбір екіжүзді адамдардың бет-бейнесін ашқандай сезілді. Әйткенмен туындының тілі тым жұтаң боп көрінді. Екі адамның тілдесуі де қарапайым, әдеби тіл нормасынан ауытқыған формада өрбиді. Оған мысал – «дұрыс қо», «қаяққа», «қумашы», «причем тут», «как будто» сынды сөздердің дәл осы бір кішігірім эпизодта қолданылуы. Бәлкім, режиссер қазіргі заманға сай бейімдеп көрсетуді ойлаған болар... Не болмаса, екі кейіпкердің образын ашу мақсатында пайдаланған деп түсіндік. Оған себеп режиссер қойылым жұмыстарына кіріспес бұрын базарға барып, қарапайым адамдардың өмірін зерттеп қайттым дейді. Бұл да бір жаңаша ізденіс дер едік. Осы сәтте мынадай бір ой сап ете қалды. Біз артық қыламыз деп, тыртық қылып алған жоқпыз ба? Халық тіршіліктен мезі болғанда, театрға барып, эстетикалық ләззат алғысы келеді ғой. Қарапайым диалогті емес, мәдени-әдеби кеңістікке саяхаттап қайтуды мақсат тұтады. Театр тілі базар тілі емес, өнер тілі болуға тиіс. Бұдан өзге калька сөздер, стилистикалық қателерді бірнеше рет аңғардық. Бірақ режиссердің нақты қандай мақсатта жасағанын білмегендіктен, ешқандай сын тақпаймыз.

Бұдан соң Николай патшаның ел билеген сәті бейнеленеді. Патша билігіндегі жерлер айтылған сайын, патшаның есі ауысып, билей жөнеледі. Билеушінің бұл әрекетіне барша көрермен күле бастайды, бірақ мұның өзі режиссердің Николай патшаның ішкі қасиетін мысқылдап көрсеткен көрінісі еді. Бұдан кейін бір кейіпкер шығып, Николайдың отбасын таныстыра бастайды. Отбасындағы әр адамды күлкілі етіп сипаттайды, әр таныстырудан соң мылтық атылып, біреуі өліп отырады. Бірақ әр адамды таныстырған сайын мылтықтың атылып отырғаны да біртіндеп қызықсыз болып кетті. Отбасы мүшелерінің сахнаға шыққан сәтін де бір ерекше көрсеткен екен. Әр кейіпкердің қолында – безендірілген үлкен жұмыртқа. Актерлер әлгі жұмыртқаны домалатып,  екі рет айналып жүгіреді. Сондағы музыка мен домалаған жұмыртқаның байланысына зер салсаң, құдды бір құйын-жел бүкіл дүниені жұтып, өзімен алып бара жатқандай-ақ.

Енді бір эпизодта Екатерина II шығады. Бұл кейіпкердің де киімі көзге бірден түсті. Патшайымды шебер ойнағаны сонша, Бекжан Тұрыс екенін көпке дейін тани алмадық. Режиссердің әр дүниені астарлап жеткізетіні ұнады. Әр детальді айғайлатып, тым әсіре сілтеп беру де режиссердің бір стилі деген байламға келдік. Бірінші актінің нүктесі Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау» әнімен қойылады. Қоңыр ән, домбыра үні біресе жанға тыныштық сыйлап, біресе көңілді тебірентіп әкетті. Қойылым жайлы көрерменнің ой-пікіріне де бей-жай қарай алмадық. Азамат Аманжолдың айтуынша, бұл қойылым тарихи шындықты бейнелеуімен ерекше көрінеді.

– Бір қуанарлығы – қазақ тарихының шындығы бірте-бірте ашылып жатқанының бастамасын көрдік. Яғни бүгінгі қойылымнан осы күнге дейін оқып-үйренген тарихымыздың тұманды болғанын, шын тарихымыздың өзімізге ептеп оралып келе жатқанын көріп отырмыз. Тарихымыз бұрмаланды деп айтып жатады ғой. Бұл  – рас. Бірақ осы уақытқа дейін айтылмай келген, дәл осындай тұрғыда жеткізіп көрмеген. Шын тарихымызға қадам басып келе жатқанымыз қуантады, – дейді өнерсүйер азамат. 

Ал Зулхаят Маханова тарих шындығын көрерменге еркін жеткізуде театр өнерінің рөлі маңызды екенін айтады.

– Театрдың бір жақсы тұсы – шындықты айта алады. Театр сонысымен құнды. Қоюшы-режиссер Әлібек Өмірбекұлы жас жігіт болса да, Мәскеуде оқыса да, осындай дүниелерді қазбалап, астарлап жеткізгенінің өзі – қуанарлық дүние. Бұл – біздің тарихымыздың жаңа қалыпқа, жаңа бағытқа қарай қадам басуы, – дейді ол.

Екінші актіні де қысқаша сипаттай кеткеніміз жөн. Бұл кезде сахнаға Голощекин шығады. Ол қазақ даласын өртке орап,  қазақтың қаншасы қырылғанын астарлап жеткізіп, миығынан күледі. Бірақ қазақтар өлмейді, керісінше, Голощекинді өлтірмек болады.  Бірінші актіде де Николайды қазақ өлтіреді. Бұл енді режиссердің қиялы арқылы көрерменге жеткізгісі келген ой іспеттес. Соншама зұлматты көрген қазақтың ашу-ызасын, бәлкім, солай бергісі келді. Осы мезетте көрермендер арасынан бір қыз шыға келіп, қарапайым адам көрермен атынан сөйлегендей ойнайды. «Бәрі – өтірік. Николайды қазақ өлтіргендей көрсетесіңдер, Голощекинді де қазақ өлтірді дейсіңдер. Қазақ ешкімді өлтірген жоқ» дейді. Негізінде, бұл кейіпкердің де тілі қарабайыр болды. Бірақ бұл шығармашылық тәсіл де көрерменге ұнаған сыңайлы, бәрі ду күледі. Туынды драма ма әлде комедия ма, тіпті КВН бе деген де сұрақ маза бермеді. Қойылымның ерекшелігі де сонда, күлдіріп отырып жылатады. Халықтың сұранысына сай ойнақылық, жеңіл-желпілік бар. Әр эпизод сайын Екатерина II патшайымның ортаға шығып: «Қалайсыздар? Әлі отырсыздар ма? Қашан оянасыздар?» – деген секілді күлкілі реңкте сөйлегенімен, осы бір детальдің өзі көрерменді толғандырады. Сондай-ақ адам баласы мен жылқының достығы, бесік жырын айтқан ана, т.б. осындай детальдарға қарап, ұлттық бояу-реңктің барын да айту қиын емес.

Түсінгеніміз, өнерде шектеу болмау керек. Қалай болғанда да, өнер иесі әртүрлі бағытта шығармашылық эксперименттерге барып, ізденісін тоқтатпау керек. Жас режиссер қазір осындай жетістікке жетсе, таяу бес-он жылда бұдан да жоғары деңгейге жетері анық. Бір қойылымды талдап-сипаттауға бір рет тамашалау жетпейді. Режиссер ойын түсіну үшін театрда қайта жолыққанша, оқырман. 

Айсұлу СЪЕЗХАН
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2023

aqzhelken.kazgazeta.kz/news/34488?fbclid=IwAR1Qn9y9DaRUR3qN_m7uJ46ttTR3PAMbF77vNBkQ45bFzKzgWAFc2gHP_g0


Өзге жаңалықтар