Ойын үстіндегі от

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында америкалық драматург Дональд Кобурнның «Ойыннан от шығар...» трагикомедиясы сахналанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев (қоюшы-режиссері) тәржімалаған қойылым бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігімен үндесіп жатыр. 

Қарттар үйі. Тағдырдың басына салғанына көнген Веллер Мартин (Асылбек Боранбай) мен Фонсия Дорсидың (Жанаргүл Жаныаманова) таныстығы. Жалғыздықтан қажыған екеуді карта ойы-ны табыстырады.
Веллер де, Фонсия да басында «сырты бүтін, іші түтін» болып жүргенімен, әңгімелесе келе бір-бірінің сырын біліп,   түсініседі. Көңіліне қаяу түскенде жан рахатын карта ойынынан іздеп, уақыт өткізеді. Екеуі де азып-тозған, қараусыз қалған қария емес. «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» Фонсия қылықты, әйелге тән мінезімен Веллерді баурап алады. 
Екі жарты, бір бүтін болып, өмір осылай жалғаса береді. Веллер айтпақшы,  «қуыс кеуде, тірі өліктердің моласы» қарттар үйіне келген кезде Фонсия «созылмалы диабет» екенін, мұнда медбикелер ерекше күтім көрсететінін естіп келгенін айтып ақталғанымен, артынан ертеректе күйеуінен ажырасқаны, жалғыз ұлы, одан екі немере бары айтылады. Көңілге жұбанышы немересі бар. 
Ал Веллердің сөзімен айтсақ, оның айықпас дерті – кәрілік. Жалғыздық қайда барса да қыр соңынан қалмаған, ол ажырасқаннан кейін әйелі балаларымен араласуға тыйым салған. Бұрынғы әйелі қалаға көшіп кетіп, күйеуге шыққан.
Кезекті бір реніш кезінде Веллер Фонсиядан баласының неге келмейтінін сұрайды. Онсыз да баласын бір жылдан бері көрмей, сағыныштан жүдеп жүргенде бұл сөз оның жанды жеріне тиіп кетеді. 
Екеуара диалог былай өрбиді: 
– Жан дегендегі жалғыз балаңыз ба? Неге келіп, бір көрінбейді? Соған қара­ғанда ол сізді  жек көреді. Тіпті сізді көргісі келмейді. 
– Баламның жек көретіні жалған. Ол мені жақсы көреді. Тек оның жұмысы шаш етектен. Уақыты жоқ. 
Ол баласын ақтап әлек. Кенет есіне әлдене түскендей:
– Сіз оның осы қалада тұратынын қайдан білдіңіз?.. – деп сәл ойланып тұрып, іштегі мұңын ашады.  
Барар жер, басар тауы қалмай, амал­дың жоқтығынан қарттар үйіне келгенін, о баста айтуға намыстанып, өтірік айт­қанын, бәрін-бәрін жайып салып, іштегі шерін тарқатады. «Ол ауырғанда емдесем де, маған не айтқанын білесіз бе? Осыдан бес жыл бұрын әкесіне іздеу сала бастады. «Тоқтат, мен бұл ісіңді құптамаймын, теріс батамды беремін дегеніммен, қайтпады. Әкесі баласына жасағанын міндетсініп, тізіп отыратын жексұрын адам. Ең жек­сұрын адам». 
Ашу-ызаға булыққан оның сөзін Веллер бөледі:
– Ең болмаса, қазіргі еркектер туралы бір жылы сөз айта аласың ба?..
Үнсіздік. Екеуі карта ойнай бастайды.
– Сізбен әңгіме-дүкен құрған жақсы, адамның іші-бауырына кіріп кетесіз. Бірақ қолыңызға карта алсаңыз болды, айрандай бұзыласыз. Мен енді сізбен карта ойнамаймын, – деп назданады Фонсия.
Дегенмен, екеуде картадан басқа ермек жоқ. Джин ойынының түбін түсіретін Веллер «Мен сені ойсырата ұтамын» деп кіріскенімен, ойындағы қулық-сұмдықтың бәрін жақсы меңгерген Фонсия үнемі жеңіп шығады. Арадағы қызғаныш оты үдеп, Веллер өз үстемдігін көрсеткісі кеп, мазасы қашады. 
Қызғаныштың соңы қашанда жақ­сылыққа апармасы анық. «Ойыннан от шықты...» деген осы. Веллер жүрегі тоқтап, ойын үстінде қайтыс болады. Фонсия «Мұныңыз не? Сізге не болды? Бұл жәй ғана ойын ғой. Өмірдің өзі ойын емес пе?!. Кешір мені, Веллер!» деп қойылым аяқталады.
Жанын жегідей жеген ойдан арыла алмаған екеудің тағдыры осылай өріледі. 
Бұл шынында да – өмір!

Бағдагүл Балаубаева

anatili.kazgazeta.kz/news/62438


Өзге жаңалықтар