Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы музейінде, Кеңес Одағының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 85 жасқа толу мерейтойына орай, «Абызға айналған Асанәлі» атты көрме ашылды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза жыл бойы жалғасатын мерейтойдың ас ішіп, аяқ босатудан емес, тағылымды көрмеден басталуының ұрпақ үшін тәрбиелік қырына тоқталды. Әрине, беташар шараның ұлағаты құптарлық. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбековтің айтуынша, театр ұжымы 8 мамырда болатын Асекеңнің туған күніне интерактивті спектакль кеш өткізуге дайындалып жатыр екен. Тұңғыш рет мерейтой иесінің құрметіне Қазақстан халқы түгел қатыса алатын технология пайдаланылмақ. «Сондықтан қалай болады деген абыржу да жоқ емес», – деді Еркін Жуасбеков.
Белгілі режиссер Есмұқан Обаев: «Аш та, мас та, жас та болдық. Айнымай бірге келе жатырмыз. Қазір бірдеңе айтсаң: «Мен қазақтың баласы» деп Қасым Аманжоловтың өлеңін оқып шығады. Сол қазақтың баласының мерейтойы құтты болсын», – деді.
Асекеңнің алдындағы ағаларының бірі, әйгілі дәрігер Төрегелді Шарманов өзінің тоғыз жас үлкендігіне қарамай, өнеріне сүйсінгендіктен құрдастай әзілдері жарасатынын айтты. Ұзақ ғұмыр тіледі.
Америкалық продюсер, актер Левин Девис Асекеңнің 70 жас мерейтойына қатысқан екен. Он бес жылдан кейін жолы қайта түскеніне қуанышын білдірді. Асекеңді «Кеңес дәуірінен белгілі жарық жұлдыздардың қатарында» деді. Айтуына қарағанда, оларда да қаптаған қалың жұлдызды мойындамаушылық бар көрінеді.
Академик Оразалы Сәбден: «Марксты таныстырмай-ақ әлем таниды. Асекеңді де таныстырудың қажеті жоқ. Жас адамда өнер көп болуы керек. Ал кемелденген адамға үш өнер қажет дейді өзі. Шахмат, бильярд, преферанс. Соңғысы интеллектуалдық ойын. Үшеуін де жоғары деңгейде ойнайды. Бұл Асекеңнің жұрт біле бермейтін қырлары», – деді.
Композитор Алтынбек Қоразбаев пен ақын Жүрсін Ерман бірде өзара келісіп, Асекең жайлы ән жазбақ болыпты. Ән жазу екі жылға созылады. Сосын Жүрсін інісіне қоңырау шалып, «Осылай да, осылай, ән енді ғана дайын болды, сөз керек» дейді ғой. Сөйтсе, жиырма минут өткенде Жүрсін «Сөз дайын болды» деп қайта телефон шалыпты. Сол әнді Асекең өзі керемет орындайтын көрінеді. Жиын-тойларда інілері артынан қалмай қолқалап жүріп орындатады екен. Бұл Асекеңнің ел біле бермейтін әншілік қыры.
Аталмыш көрмеге Асекеңнің спектакльдерде киген киімдері, жас кезінен бергі куәліктері, орден, медальдары, кино, театр фестивальдерінде алған марапаттары, әсіресе алғашқы сүйікті жары Майра Айманованың 1957–1958 жылдары жазған хаттары, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен ұлы Сағи Әшімовтің майлы бояумен салынған суреті, өзге де көптеген заттары қойылыпты. Жалпы саны екі жүзден астам затты Асекең аталған мұражайға басы бүтін тапсырды.
Халықпен бірге тамашалағаны әсер етті ме, Асекең өзіне сөз берілгенде, өткен күннің салмағын сезінгендей ауыр күрсініп алды. Айтқаны: «Өткен тарих жүрекке ауыр жүк түсіреді. Өткеннің бәрі – өмір, кеткені бар ішінде… Жаныңа жайлы тиетін жақтары да көп. Сурет деген ең ұзаққа кететін өнер. Сондықтан рақмет айтамын. Мақтауды көтеру үшін де талант керек. Осының бәрі Серағаң, Елағаң, Қайлекей, Шәкендердің арқасы. Солардан үйрендім, еліктедім. Енді облыстар күтіп отыр. Облыстардың барлығына өзім құрған, жастардан, балалардан құралған «Жаңа ғасыр» театры гастрольмен барады. Арасында өзім де бармын. Барлығы осындай көрмелермен басталады. Сосын бұйыртса, қазан, қараша айларында Елордада қорытындылаймыз. Негізі мемлекет қарауындағы үлкен мұражай – Таразда. Басымыз жас. Кездесеміз әлі. Кездесуге жазсын», – деді.
Ұлы актердің «қартайдық» деп мүжілмей, «Басымыз жас. Кездесеміз» деген сенімділігі жасқа да, кәріге де үлгі. Осындай батыл мінезден ұлт өнеге алуы тиіс. О дүниені ойлап омырайып отырмай, «жасаймыз, істейміз» дейтін ілгері салым мінез, әсіресе қазаққа керек.
Бетті дайындаған Дағжан Белдеубай
https://anatili.kazgazeta.kz/news/60398