МЕНІҢ ЖАНРЫМ – КҮНДЕЛІК

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

КӨҢІЛ КҮЙ ДӘПТЕРІ

Қайсыбір жылы Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделігі» жарияланып, оқырман ықыласын айрықша аударып жатқан тұста Асағаның «афоризмдерім таусылып барады, Қадырдан қарызға біраз афоризм сұрасам ба екен» деп күлдіргені бар. Өзі де қысқа жазудың асқан шебері, тауып айтылған сөзге жаны жадырайтын Қадағаңа бұл қалжыңды естірткенімізде көңіліндегі көрікті ойын да былайша ақтарып салған еді.

– Асанәлінің күнделігін оқып отырып, қайдағы-жайдағылар еске түседі. Өте ықшам, сенімді, жинақы жазылған дүниелер. Бұрын баспа жүзін көрген кітаптарын да оқып шыққанмын.Асанәлі қолына тектен тек қалам алмайды. Өзінің кезі келгенде, жазбауға мұршасы болмай қалған кезде ой толғайды. Орыстың танымал өнер тарландары Золотухин, Рязановтардың жазған кітаптарын тұшынып оқығаным бар. Бұл күнделік жазбалар да солардан ешбір кем емес.

Жалпы өнердің, өнер иелерінің тарихы осылай жасалады. Бұл жазбалардың ертеңгі ұрпақ үшін құндылығы ерекше екені анық.

Расында да «Менің жанрым – күнделік» өнерпаздың өз өмірі ғана емес, ұлт өнерінің де тарихы. Руханият тарихында тек қана күнделіктер, қысқасы, қысқа жазумен, шағын ой-толғаныстарымен, афоризмдерімен қалған тұлғалар да болған. Күнделік не үшін жазылады? Ол үшін алдымен авторды тыңдап алайық.

– Мүмкіндікке карай, күнде жазуға тырысамын. Меніңше, әр адам үшін әр күні қымбат. Тіпті мынау жарық күнді аман-есен көргеніңе тәу­бешілік ету керек. Тіпті ол күні ештеңе бітір­ме­сем де, көңіл-күйімді, ауа райын жазып қоямын.

Күнделік – менің пікірім, ойым, көзқарас­ым, оны келешек ұрпақ өзі екшеп алады. Шындықты ғана жазамын. Шындықты кейде айта алмайсың, сондықтан оны жазып қоямын. Күнделік – маған ішімдегі шерді шығару үшін үлкен көмек. Ол – менің өмірім. Өткен жылдарда не істегенімді оқысам, қайта жасарамын, шабыттанамын, әр күнімнен ой түйемін, қорытынды жасаймын. Әр кезеңнің деңгейін күнделіктен кейінгілер бағамдаса деймін. Күнделікті студенттік жылдардан жазғанмын. Өкінішке қарай, сол жылдардағы 10 дәптерім жоғалып кетті. Соған өзегім өртенеді. Тілге, әдеби жазуға көп мән беріп жатпаймын, ­бастауыш, баяндауыштар айқасып жүруі мүмкін, маған сол сәттегі ситуация қымбат. Қалай келеді, солай жазамын, сонысымен де жақсы, табиғи шығады.

Сөз жоқ, дарынды адамдар қоғам байлығы, мемлекет мақтанышы. Шын мәніндегі ұлт сүйіспеншілігіне бөленген ұлт суреткері – халық қазынасы. Асағаңның күнделіктері де қазына. Оқып, көңіліңе тоқып, қажетіңе жарата бер. Күнделік – шежіре, тарих, көркемдік шындық. Ол өмірбаян мен өнербаян тоғысып, сізге айрықша әсер сыйлайтын көңіл-күй дәптері.

Таяуда актер архивін ақтарып отырып, бұған дейін жарияланбаған жазбаларына жолығып алтын тауып алғандай қуанды. Бұл оқырманның да қуанышы.

Оқи отырыңыз.

5.01.1977

Мен үшін, әсіресе театр үшін өте ауыр жыл. Мәмбетов театрдан киностудияға ауысты. Оның орнына Б.Омаров, Р.Сейтметов отырысты.

Осы жылы Мәмбетов СССР Халық артисі атағын алды. Сүйіншісіне мен бір көйлек кидім. Болаттың некрологі мен Әзекеңнің жарлығы газетке бірге шықты. Ойламаған жағдай. Өмір деген осы. Осы жылы «Транссібір экспресті» түсіріп бітірдік. Өте сәтті аяқталған жұмыс болды. Э.Оразбаев екеуміз Жамбыл, Шымкент облыстарын араладық.

***

Театрға барғым жоқ. Сүреңсіз күндер өтіп жатыр. Әркім өз қамымен кеткен. «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша дайындалып жатқан спектакльде ­Жарасбай болыстың образын дайындап жүрмін. Режиссеріміз ескі бағыттағы, облыстық деңгейдегі адам. «Нан дәмі» деген Мосфильмнің картинасына түсіп жүрмін. Көңілдегідей роль емес. «Қан мен тердің» оқиғасы мені қатты ренжітті. Мастюгин деген шашты да, сақалды да ағартты. Травма на всю жизнь.

Әлжаппар Әбішевтің 70 жылдығы. Ол кісі маған арнап «Мәди» деген ­пьеса жазыпты. Оны Маман Байсеркенов ­дайындап жүр.

***

Театрда Тілектес, Байәділ, Құдайберген, Тұңғышбай, Оразхан, Әшірәлі, Әнуар (Боранбаев), Уәйіс тәрізді жақсы жігіттер бар. Шалдардан қалғаны – Серағаң, Қапан, Камал, Атайбек, Қалкен, Шахан, Мүлік.

***

Мәди мен Айжанның үйлену тойына Сламбек басқарып келген киностудия делегациясының тартуы:

Жастық шіркін бұл өмірдің сәулеті,

Болашағы, қазынасы, дәулеті.

Өркен жайсын қол ұстасқан екі жас,

Әшім менен Қарсақбайдың әулеті.

Авторы Амангелді Тәжібаев

***

«Кішкентай бала да үлкен түс көреді».

***

Өмірлік өлең де бір сәтте жазылады.

***

«Қанжар қыннан шықпаса тот басады, жігіт үйден шықпаса ет басады».

***

Кілтпен ашылатын есікті сындыр­май-ақ қой.

***

Рөлмен жұмыс істеуді гүл өсіретін адамның тірлігіне ұқсатамын.

***

Қостанай радиосының бас редакторы, қазақ қызының ұлттық кино туралы сұрағы ұнады. «Ұлттық тарихты білмей, үлкен мәдениетке жетпейміз» деп көзіне жас алды. Әрі қарай сөйлей алмады. Маған қатты әсер қалдырды.

***

Таза сүтті жақсылап қайнатып, оған үнді шәйін салып ішу, өте жақсы напиток деседі.

Жұрт деген ұғым аузыңнан түспейді. Ұят деген ұғым неге жоқ???

А.Сүлейменов.

 

***

Әйел-актрисалар сахнада ХVІ ғасырда көріне бастады. Бұған дейін әйелдер бейнесін еркектер сомдаған.

***

Шымкент театрында жарық жағы өте нашар. «Қан мен терде» монологтың соңында «жарық» деп айқайлауға тура келді.  Бұл жөнінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жазды.

 

5.04.1982

Шоқан туралы 3 сериялы телефильм түсіру жөнінде хабар келді.

***

Мына деректерді «Қазақ әде­биетіндегі» (2.04.1983) Әлкей Марғұлан­ның мақаласынан алып, жазып қойдым. Жазып отырып оқысаң есіңде жақсы сақталады.

 

Туып-өскен жері – Сырымбет.

Шоқанның әйелі Айсары. Шоқан Тезек төренің (нағашысы) елінде қаза тапқан. Алматы, Қапал қалаларында болып сурет салған. Шыңғыс Уәлихановтың 7 ұл, 5 қызы болған.

Шоқанның шешесі Зейнеп – Мұсаның туған қарындасы. Мұсамен жиі хат жазысып тұрған. Хатын «аяулы мырза ағамыз» деп бастайды екен. Сондай-ақ Г.Н.Потанин, К.К.Гутковскийлермен хат алысқан.

Шыңғыс – керей, уақ, атығай (Құсмұрын) елдерінің аға сұлтаны болған. Атақонысы – Сырымбет. 1902 жылы 91 жасында қайтыс болады.

Шоқан Сырымбеттің басына шығып, төменге қарап отырып, күрсініп: «Қарашы бұл жұртқа не дерсің? Дүниеде не болып жатқанында істері жоқ, бар қаракеттері тою, ұйықтау» деген екен.

Омбыдағы кадет корпусына оқуға түсірген Шыңғыстың өзі.

Шоқанның соңғы хаты: «Мені ауру жеңді, шаршадым, халім төмендеді, сүйген елім сендерді барып көруге дәрменім жоқ. Бұл сендермен соңғы рет аман­дасып, құшақтасып, көрісетін соңғы хат. Өсіп-өнулеріңе тілек білдіремін».

***

Каждый умирающий старик, сгоревшая библиотека.

Кім айтса да дұрыс айтқан.

***

Кейбіреулер түкке тұрмайтын жазушыны, ақынды, артисті т.б. ­Шекспирден, Мұхтардан, Шәкеннен асырып жібергенін өзі де байқамайды. Оның мақсаты оны мақтау емес, өзінің «шешендігін», «білімін» көрсету...

***

Өлімді күтіп жатпай, өмір сүруді ойлау керек.

Сара Бернар

***

 Мен актермін. Сондықтан да Абылайханның, Кенесарының тағы басқалардың тарихын жақсы білуім керек. Әйтпесе бәрі бекер.

***

Өрге шыққан өгіздің көтеніндей.

Оралхан Бөкеев.

***

Мен актерлік қызметке ауысып, грим бөлмесіне келгенде Нұрмұханның маған жазып тастаған шумағы:

– Артық бас боларымды сезген едім келгеннен,

Бұ да тәуір – елеусіз боп өлгеннен...

Менің жауабым:

– «несі тәуір елеусіз боп өлгеннің»

Жұрт құптап жүр «жақсы болды келгенің».

 

27.VІІ.89

Саған 10-да Таңат Жайлыбековтің қайтыс болғанын хабарлады. Қалмахан, Камал үшеуміз үйіне кіріп шықтық.

 

29.VІІ.89

Сағат 11-де театрға келдім. Әбді­жәміл­дің «Сеңін» айналдырып жатырмын. Нұрекеевті пивоға жібердім.

 

10.VІІІ.89

Қымызға әбден үйреніп алған кезім.

***

«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді».

 

26.11.90

Жазушылар Одағы. Иранбекке «Қозы» туралы фильмнің жайын ойлау керек дедім. М.Мағауинге жолығып «Жұлдызға» «Ақбілек» пьесасын басу туралы сөйлестім.

 

27.11.90.

Төлеген Мұхамеджановтың музыкасын тыңдадым. Өзгеше жігіт.

 

7.01.90.

Театр. Репетицияның мәнісі жоқ. Кешкі бесте М.Мағауиннің 50 жылды­ғына бардым.

Шота тамада болды. Жақсы өтті.

17.03.90

Сайлау. «Достық» қоғамынан Ж.Әмір­ханова, С.Оразалин, С.Берді­құловтар түсіп еді, үшеуі де өтпеді.

 

15.04.90.

«Ғасырдан да ұзақ күн». Премьера. Мәмбетовтің қойылымы. Жақсы өтті. Төлеубек Аралбаев Едігені еңіретіп ойнады.

 

28.Х.90

Жаңбыр. Т.Мұхамеджановтың үйіне бардым. Төлеген «Ақбілекке» музыка жазды. Соны тыңдадым. Шәкәрімнің сөзіне жазылған әуенді Досхан Жолжақ­сынов жақсы орындады.

 

4.06.2015

...Атымды қызғанып қайтейін, біреудің атына жабысуды өз басым аса ақылды шешім дей қоймаймын. «Асанәлі» деген ат та жетерлік. «Нұрсұлтан» деу де модаға айналған. Қазақта дарақылық жыртылып айырылады. Еліктегіштік, мақтаншақтық... Ат қою да өнер. Меніңше, біреудің атына жабыспай өзің ойланып, толғанып қойған дұрыс па деймін. Әр аттың өз қойылу тарихы да болады.

 

25.06.2015

Ақселеуді енді түсінгендеймін. «Бұл өмір азап екен есті жанға». Осылай деп еді бірде арысым!

Мен мынау әрі кең, әрі қуықтай дүниеде жалғыз қалған сияқтымын. Әзілім жараспайтын жандар қоршаған. Әзілім не актуально!..

Бүгін кеткендер есіме түсіп, мына өмірдің жалған екенін тағы сезіндірді. Сол Шәкең, сол Сәбира, сол Ақселеу, сол Әшірбек, сол Әнуар, сол ­Райымбек, сол Оралхан, сол Оспанхан, сол Сайындардың әруағы қолдап, солардың жасамағанын жасап, үлгермеген істерін аяқтау қолымнан келер ме екен?! Сағыныштан басқа менде хайла жоқ. Олар бола алмаймын. Бар бақытым солардың тірі кездерін еске түсіру. Олар туралы ойласам қаламым жүйтки жөнеледі.

 

16.08.2015

Көңіл-күйімді Павлодардан келген хабар бұзды. Шәкеңнің ескерткішін орталыққа емес, Баянауылға қойғы­зып­ты. Онда бюсті де бар ғой. Әкіммен үш мәрте сөйлесіп, ренжідім.  Басқа не дейсің?! Сауатсыздық, білімсіздік жайлаған кезең.

 

15.10.2015

Театрда кейіпкер жасау емес, ойнау басым боп барады.

...Абайды сахнада цирктің қамшысымен сабайды.

Осы сияқты кемшіліктер бар.

 

25.10.2015

Ұстаздарымызға 100 жыл толып, шетінен тойлап жатырмыз. Тоқпановқа да 100 жыл. Өте адуынды, тік мінезді, сонысымен ешкімге жақпаған адам. Менің тікелей ұстазым, өмірімде бетбұрыс жасаған адам. Қазір қадір-қасиетін түсініп жүрмін. Кеше сахнада осы жөнінде айттым.

... Іші аса жек көрмесе де Шәкең­мен қарым-қатынасы нашар болған-ау деймін. Бірақ олар тектілер ғой мұнысын екі жағы да сырт көзге білдірген емес. Менің Майраға үйленуіме қарсы болғанын да сездім, сездірді. Майраның анасы Хадиша да «Ойбай, Тоқпановтың студенті екен, қызымды бермеймін» дегені де рас. Үйлену тойымызға да шақырылмады. Соған өкпесі болды. Кейінгі жылдары аз араластық. Жолыққанда ризашылығын да, ескертулерін де айтып жүретін. «Ұстаздан шәкірт озса, ол заңдылық» деп, мен Советтер Одағының халық артисі атағын алғанда құттықтады. «Енді маған жәрдемдесіңдер, Фарида екеуің осы атақты маған алып беріңдер» деді. Өмірбақи алысып өтті, тыныш жүрген күні болмады-ау!?

***

... Қаллекилердің «Ақан Серідегі...» мылқауы көрерменді бей-жай қалдыр­маушы еді. Еңіреп отырушы еді, өзі күлмейді халықты күлдіретін. Ал қазіргі шоулар, «тамашалар» әуелі өздері күледі, халық жым-жырт. Өздері тебіренген болады, халық бүлк етпейді. Кейіпкер жасау жоқ, тек роль ойнайды. Райкиннің күлгенін көрген емеспін, бірақ халықты күлкіге көметін. Нағыз өнер сонда ғой. Кейінгі жылдарда нағыз кейіпкер жасаған актерді атай алмаймын. Сол орыстарда да Смоктуновский, Ульяновтар жоқ-ау.

 

2.11.2015

Қалада зиялы қауымды жиған бір жиынға қатыстым. Маған сөз берді. АҚШ-та Оскар деген сыйлық бар, аса беделді сыйлық. Әлемде үш жерде кино академиясы бар. Америкада, Берлинде, Австралияда.

***

Енді сондай академия бізде «түркі тектес халықтардың киноакадемиясы» болып ашылуы керек. Болмаса оның аты «Шәкен жұлдыздары» деп аталуы керек деген ұсыныс айттым.

***

Әкемді сағынамын. Отызға да толмай кетті. Суреті де қалмаған. Құр елес қана.

 

12.ХІІ.2015

Әбіштен айырылдық. Астанаға ұштық. Асына көп адам келді. Басшылар жоқ.

***

 Тойдағы сөздер үлкен сахнаға шығып кетеді. Екеуін шатастырып алғанбыз. Оның себебі артистердің тойшыл боп кеткенінен.

 

19.01.2016

Әуезовтің 50 томдығын қарап жатырмын. Мұхит.

***

Ұлылардың неге ұлы екенін талдап, айта алмаймыз. Зерттелмейді. Құмға көмілген алтындай.

***

Біздің театр тарихында 9 СССР халық артисі болған.

***

 Күліп сөйлеген адамның көбісі таза болмайды. Өтірік күлкі, өтірік сөз көп.

***

Кәрілікке бой бермей жүріп жатырмыз.

***

... Оның көзінше бөгде әңгіме айтпауға тырысамын. Бірден өңін айналдырып жіберіп, тиісті жеріне жеткізеді.

***

Дарақылық шектен шығып барады. Мерейтойын стадионда өткізетіндер де бар.

***

Балам есіме түссе, тартып отырған темекімді лақтырып жіберемін.

***

17.01.17

Астанада Бақытжан Сағынтаевта жиын болды. Кино туралы заңды талқыладық. Өкіметті өкіртіп сынадым. «Кино елдің бет-бейнесі, ел мен елді таныстыратын кино, бұл аудиториясы кең, әлемді шарлап кететін өнер. Американы Америка етіп отырған осы киносы» деген тәрізді біраз жерге дейін желдім.

***

 Кісінің өмірін ұзартатын да, дәрежесін көтеретін де жанұясындағы тазалық, татулық.

***

Жаңғырықпен өмір сүріп келеміз. Абайдың «Сегіз аяғынан» қандай керемет ойлы дүние түсіруге болар еді. Эйзенштейн Маркстің «Капиталынан» кино жасамақшы болған ғой. Абайға Эйзенштейндер керек-ақ.

***

Алдымда Ғ.Мүсіреповтің үш томдығы жатыр. Тұнып тұрған өнер. Шеберлігінде шек жоқ екен-ау. Мен де өзімді бақытты сезініп отырған жәйім бар. Сол үш томдықтың бірінші томына берген қолтаңбасын көріп толқып кеттім. Кезінде мән бермеппін. Былай деп жазыпты: «Елдің сана-сезім дәрежесінің биіктігіне сын деп қарарлық ұлы майданның талантты да сенімді қайраткері Асанәлі ініме. Құрметпен Ғабит Мүсірепов, (25.ХІІ.1980)» деп қол қойыпты.

Қандай бақыт. Осыны оқып еңсем биіктеп қалды. Ұлы Ғабеңнің бағасынан артық баға бола ма?! Жаның жаннатта болсын, Ғабе!

***

 Мен үшін ең жоғары атақ халықтың қол шапалағы, қалғаны темір-терсек.

https://anatili.kazgazeta.kz/news/60500


Өзге жаңалықтар