АЛМАТЫ: "ДІН МЕН ДӘСТҮР - ЕГІЗ ҰҒЫМ" ФОРУМЫ ӨТТІ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада "Дін мен дәстүр - егіз ұғым" атты форум өтті. 

Ұлттық кітапхананың "Дін мен дәстүр" залында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет майталмандары, асабалар мен БАҚ өкілдері бас қосты. Күн тәртібінідегі мәселе - барша той жүргізуші асаба азаматтарды, той иелері мен халықты бірлік пен ізгілікке шақыра отырып, жұрт жиналатын жиындарды салт-дәстүрмен, дінімізбен үйлестіріп, адамға ой саларлық ғибратты етіп өткізуге үндеу болып табылады. Модератор әрі форум ұйымдастырушысы наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы келген қонақтарға сөз беріп, тақырыптың өзектілігіне тоқталды. Басқосуда жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебаев, кино және театр актері Болат Әбділманов, сазгер Жарылқасын Дәулет, танымал актер Асылбек Боранбай тағы да басқа бірқатар өнер майталмандары мен асабалар өз ойларын ортаға салды. Тойдағы асабаның басты қызметі мен тойда, ас-жиындарда келеңсіз жайттарға жол бермей, шешендік өнерді насихаттау арқылы жиылған көпшілікке ой саларлық ғибратты өткізудің үлгісін қалыптастыру жайлы ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

Жиын соңында сөз алған Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы келген қонақтарға алғысын айтып, көпшілікке "Дін мен дәстүр - егіз ұғым" форумының үндеуін жариялады.

 

«Дін мен дәстүр – егіз ұғым» форумының

Үндеуі

 

Құрметті қауым! Ардақты ағайын!

Біз, «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» форумының қатысушылары той-жиынның дініміз бен дәстүрімізді дәріптеудің орайлы сәті екенін ескере келе, еліміздегі барша той жүргізуші азаматтарды, той иелері мен халықты бірлік пен ізгілікке шақыра отырып, жұрт жиналатын жиындарды салт-дәстүріміз бен дінімізбен үйлестіріп, адамға ойсалар бағдарламамен ғибратты етіп өткізуге үндейміз.

Расында, ағайын-туысты жиып, қуанышын бөлісуді қалаған той иелері жиналған көпшіліктің ақ батасы мен алғысын алуды мақсат етеді. Ал көптен күткен ұлы тойда тамадалар тарапынан тойшыл қауымды күлдірем деген оймен анайы сөздер мен әдепсіз әрекеттерге жол беріліп қалуда. Бұл көріністің соңы біреудің абыройы мен намысына нұқсан келтіру, сөзбен қағытып, кемсітіп-мұқату, орынсыз қалжыңмен шариғатқа қарсы сөз айту сынды өрескел әрекеттерге ұласуда.

Тойда жаңа түскен келінге енесін жау етіп көрсету немесе күйеу баланы енесіне қарсы қою, жас жұбайларға көпшіліктің көзінше түрлі әдепсіз сұрақтарды қойып, беделін түсіру, батыстық үлгідегі анайы билерді ұйымдастыру секілді оқиғаларға жол берілуде. Мұндай көріністер дініміз бен дәстүрімізге жат әрекет екенін тағы да қаперге саламыз.    

Беташар – дәстүрімізде қалыптасқан тәрбиелік мәні үлкен рәсімнің бірі. Біз, бүгінгі форумға қатысушылар, осы игі дәстүрімізді қаражат жинау құралына айналдыруды, келінге отбасы мүшелерін келемеждеп таныстыруды құптамаймыз.

 

Қадірлі асабалар!

Осы орайда, той тізгінін ұстаған азаматтарды игі басқосудың берекесін арттыруға, жиынды мәдениетті деңгейде, рухани тұрғыда өткізуге, Ұлы Алла Тағаланы, діни мәтіндер мен шариғат мәселелерін әзіл сөзге араластырып, арзан күлкіге айналдырмауға, әулеттің, жалпы еліміздің бетке ұстар азаматтарының абыройын түсірмеуге, ене, келін, құда, құдағи, күйеу бала сынды түсініктер туралы жағымсыз пікір қалыптастырмауға, той иелерін, қонақтарды ру, жүзге бөліп мазақ етпеуге, ерсілі-қарсылы жұптардан анайы би жарысын өткізбеуге, мәдениетті асабалар мектебін қалыптастыруға, тойда той иесін артық ысырапқа жол бермеуге, той-жиында дін мен дәстүр сабақтастығын назарда ұстауға шақырамыз.

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп етіп, халқымыздың қуанышы арта бергей. Әмин

 

Форумға зиялы қауым өкілдері

мен дін қызметкерлері қатысты

Алматы қаласы, 8 маусым, 2022 жыл

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі

https://azan.kz/kz/ahbar/read/almatyi-din-men-dastyr-egiz-ugyim-forumyi-otti-14040


Өзге жаңалықтар

31 мамыр
Хабарландыру
Елу жылдан кейінгі кездесу
Қазақ театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалып­тастырып халық құрметіне бөленген дарынды әртістер аз емес. Дегенмен, ғасырға жуық саналы ғұмырын қарттық келіп, қамытын кигізсе де қажымай-талмай сахнада өткізіп келе жатқан Ғайникамал Байқошқарованың орны айрықша.
30 мамыр
Хабарландыру
Екеуміз... Қоғам шындығы...
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 2023 жылдың 18 мамыр күні Ұлттық театр музейіне - 55 жыл толуына орай МУЗЕЙ ТҮНІ шарасы өтті.
30 мамыр
Хабарландыру
Әуезов театрында «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясының премьерасы өтті
28 мамыр күні Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясының премьерасы өтті. Шығарма авторы — М. Задорнов. Қойылым режиссеры – Қ. Мамытқалиев.