Театр сахнасы мен кино әлемінде өзіндік орны бар жарық жұлдыздардың бірі – Дулыға Ақмолда. Ол сомдаған кейіпкерлер тереңдігімен, шынайылығымен көңіл түкпірінен орын алады. Әрі әр рөлі бірінен-бірі өтетін ерекшелігімен жүректі баурайды. Халықаралық кинофестивалінің үздік актері атанған және өнер саласының үлкен жүгін жауапкершілікпен атқарып келе жатқан майталмен актермен театр және кино әлеміндегі қызықтары мен қиындықтары жөнінде біраз әңгіме өрбіткен едік.
— Бұрын «Хабар» арнасында арнайы сатиралық бағдарламаларға көп түсуші едіңіз. Қазір сатиралық образдарды қайта сомдау ойыңызда бар ма?
- Иә, кезінде хабар арнасында «77 күн» сатиралық бағдарламасына түстік. Бағдарлама продюсері белгілі журналист Серік Абас-Шах болса, режиссері Арман Қарабаев деген жігіт еді. Халыққа бізді экран алдында бірінші таныстырған да осы бағдарлама болды. Ол жерде үкімет басшыларынан бастап, сенатор, депутаттарды көп сынадық. Осылайша, «77 күн» жеті жасар баладан бастап, жетпіс жасқа дейінгі қарттардың сүйіп көретін бағдарламасына айналды. Апта сайын орысша «7 күн», ортасында «77 күн» деп екі тілде жүргіздік. Қылшылдап, жанып тұрған жас кезімізде уақыттың тығыздығына қарамай, жаңалықтардан қалмай, сол уақытта түсіріліп жатқан жаңалықтарға пародия жасап үлгеретінбіз. Алдын ала түсірілім деген мүлде жоқ. Өйткені сол аптада болған бағдарламаларды өз уақытында ұсыну керек болды. Оның үстіне, «7 күн» мен «77 күннің» арасы жақын болғандықтан, тығыз уақытта пародия жасау өте қиын жұмыс. Оның үстіне, дубляжы, әзіл әндермен клиптар түсіру секілді жұмыстар бар. Соның барлығын екі күн сьемкада түсіріп жүріп, артынша кешке театрға қойылым қоюға келетінбіз. Шынын айтқанда, демалыссыз, өте ауыр жұмыс болды. Оны жазып отыратын Серікке де, режиссерларға да қиын еді. Сонда да шаршамай, талмай жұмыс істедік. Бірақ бағдарлама қызып тұрған кезінде құнын жоғалтпайық деп, екі жарым жылдан кейін барлығын тоқтата қойдық. Егер оны ары қарай жалғастыра берсек, қызығы да таусылып қалар еді. Бағдарлама тоқтаған соң «Хабар» арнасына «Жоғарыдан қысым болып жатыр ма?», «Неге тоқтап қалды?», «Қайта жалғастырасыздар ма?» деген хаттар ағылып келе бастады. Бұны халықтың ерекше ықыласына бөленгеннің белгісі деп білеміз.
— Сіз көп жылдан бері кино саласында еңбек етіп келе жатқан кәсіби шыңдалған актерсыз. Әрі сізге режиссер болуға мүмкіндік көп дегендей...
–Негізі әркім өзінің мамандығымен шұғылданғаны жөн. Актер мен режиссердің жұмысы бірдей болып көрінгенімен, екеуінің арасы жер мен көктей. Бірақ көбісі актер режиссер, ал режиссер актер бола салуы мүмкін деп ойлайды. Дұрыс емес. Біріншіден, мен өз мамандығымды, екіншіден басқа мамандықтарды құрметтеймін. Сондықтан да режиссураға барғым келмейді. Әсіресе, киноға. Қазір байқасаңыз, әнші де, биші де кино түсіріп жатыр. Ал олар қандай кино? Сапасы қандай? дегенге келсек, бір-ақ күндік, бір-ақ сәттік кинолар деп есептеймін. Тек ыржың-тыржың, жеңіл-желпі кинолар. Ондай кинолар маған керек емес. Режиссурамен айналысқан соң, профессионалды түрде айналысу қажет. Мәселен, мен өзімнің актерлық мамандығымды жақсы көремін, әрі кәсіби түрде осы саламен айналысамын. Сол сияқты режиссурамен айналыса салу ойыншық емес. «Ақшам бар ғой, кино түсіре салайыншы» деген өте қате нәрсе. Бұл кейбіреулерінің басына тиіп те жатыр. Ал кейбіреулерінің басына тимей, екінші киносын түсіріп, сабақ алмай келе жатқандар да бар. Қысқасы, кино саласы үлкен кәсібилікті қажет ететіндіктен, құрметпен қарағанымыз дұрыс.
Кейінгі кезде түсіріліп жатқан киноларға көңілім толмайды деп айтуға ешқандай хақым жоқ. Құдайға шүкір, қазір азды-көпті кинолар түсіріліп жатыр. Кинолар неғұрлым көбірек түсірілсе, бәсекелестік пайда болады. Бір ғана адам кино түсіре беріп, соны ғана көре берсек не болады? Осыған орай, кейінгі кездері киноиндустриясында мықты, талантты, кәсіби жас режиссерлар көбейіп келе жатыр. Көбісі Англиядан, Америкадан, Ресейден оқып келген жастар. Олардың көбімен жұмыс жасап та үлгердім. Олардың қолтаңбалары басқа, ойлау қабілеттері ерекше, креативті екенін байқадым. Үлкен ағаларымызбен салыстырғанда, ойлау қабілеттері де жер мен көктей. Кино түсіру әдістері, режиссерлік қолтаңбалары бөлек. Осындай бір-біріне ұқсамайтын талантты режиссерлар өсіп келеді. Бірақ бір өкініштісі, сол жастарға үкімет тарапынан қолдаулар аз болып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан киноны қолдау қоры құрылған болатын. Қор құрылғанымен, әлі де дұрыстап жұмыстар жүргізіліп келе жатқан жоқ. Мүмкін, біраз фильмдерді қаржыландырған шығар. Бірақ «осы қорға рақмет» дейтіндей, толыққанды түсірілген киноларды көре алмадым. Жалпы кинода да, театрда да, актерларда, режиссерларда да бірдей қарқын алып келе жатқан қазіргі уақытта үкімет тарапынан қолдау болса деймін. Әйтпесе, жас режиссерлардың қолында жақсы сценарийлер өте көп. Бірақ кино түсіруге қаражаттары жоқ. Тәуекел етіп түсірейін десе, ол кино өзін-өзі ақтай ала ма? деген тағы сұрақ бар. Көптеген фестивальдарға жолдама алатын авторлық киноларды көбісі түсірейін десе, оған да көп қаржы керек. Әрі көрсетілім жағынан өз-өзін ақтауға қолдау жоқ. Өйткені қазір шоу-бизнестер, комедия жанрындағы жеңіл-желпі фильмдер сұранысқа ие. Өкініштісі сол. Осындай жеңіл-желпі фильмдер халықты ойландыратын, тәлім-тәрбиесі бар киноларға бөгет жасап жатқаны рас. Жақында Дәрежен Өмірбаев ағамыздың «Ақын» деген фильмі шықты. Философиялық мәні бар, мықты түсірілген фильм. Одан кейін Болат Қалымбетовтің ақынның жандүниесін көрсететін «Мұқағали» фильмі жарық көрді. Сол секілді Фархад Шариповтың «Схемасы» да елді, халықты үлкен терең философияға жетелейтін фильм. Өкінішке қарай, мұндай киноларды ешкім прокатқа ала бермейді. Ал прокатқа не керек? Прокатқа көп көрермен, көп ақша түсіру үшін ойға жетелейтін кинолар емес, жеңіл, арзан күлкіге толы комедиялар керек. Оны кинотеатрдағы басшылар «бізге комедия керек» деп ашық айтады. Залды тек көрерменге толтырса болды. Ал ол жеңіл-желпі фильмдердің халыққа қандай ой салатынын да жұмыстары жоқ. Сол үшін көрермендерге фильмдерді көрсету процесінде үкімет атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Мейлі, Мәдениет министрлігі болсын, қор бола ма, әлде басқасы болсын, қолдаулары қажет. Өйткені біз бұл түрімізбен халықтың жетегінде кетіп барамыз. Олардың күлгеніне күліп, ыңғайына түсіп кеттік. Бұл өте қауіпті нәрсе. Арзан нәрселерді ғана жарнамалап, халықтың талғамын әбден түсіріп алдық. Енді соны қайта көтеру үшін Дәрежан, Болат ағаларымыздың, Фархад Шарипов секілді мықты режиссерлардың фильмдерін көрсетіп, халықты ойға жетелеуімізге тура келеді. Кино – үлкен пропоганда. Яғни адамның рухани өсуіне әсер ететін нәрсе. Ал театрға келсек, өзінің репертуарын тұрақты ұстап тұр. Ыржың-тыржыңнан аулақпыз. Қазақ, орыс, шетел классикалары сахнамыздан үзілген емес. Көрерменіміз де соған сай.
— Өзіңізге ең ыстық, көңіліңізге жақын рөлді айта аласыз ба?
— Ондай рөлдерім көп. Жалпы актер үшін үлкен не кіші рөл болсын, әрбір рөлі «Іштен шыққан шұбар жылан» секілді ыстық әрі қымбат. Рөлдерімді бөлгенді ұнатпайтындықтан, деңгейі жетпей қалған, не жетеқабыл, үлкен-кіші, ұнайтын-ұнатпайтын рөлдерімнің барлығы да мен үшін ыстық.
— Мәселен, қандай рөлдерді ұнатпадыңыз? Бір-екі мысал айта аласыз ба?
— Осыдан 10-15 жыл бұрын бір фильм түсірілді. Өмірден алынған оқиға желісімен жазылған екен. Онда басты кейіпкер төсекке таңылған науқас шешесін өзі жастықпен тұншықтырып, өлтіру керек болады. Басты кейіпкердің рөлі ұнады. Бірақ шешесін жастықпен тұншықтырып өлтіретіні үшін рөлден бас тарттым. Өмір болсын, кино болсын мен ондайға бара алмаймын. Тағы бір мысал, кезекті ұсынған сценарийде перзентханада бір әйелдің босанып, сәби өлімі болатын сәті бар. Сол сәбидің өліміне аурухананың бас дәрігері жемқорлық арқылы тікелей себепкер болады. Ал сол бас дәрігердің рөлін маған ұсынды. Онда да рөлі, характерикасы – барлығы көңілімнен шықты. Бірақ мен одан да бас тарттым. Өйткені сәби мен ананы өлтіру – менің қолымнан келмейтін нәрсе. Кинода кез келген адамды атып тастап, не пышақтап өлтіре салатын рөлдерді ойнауға болады. Тек ана мен сәбиді өлтіретін рөлдерді ойнау менің қолымнан келмейді.
— Қазақтың ұлы тұлғаларынан сомдағыңыз келіп, армандап жүрген рөліңіз бар ма?
— Әрине, тұлғаларды ойнау – актер үшін үлкен сынақ. Екіншіден, үлкен мектеп. Мысалыға мен театрда, киноларда Мағжан Жұмабаевтың рөлін сомдадым. Сосын ертеректе Міржақып Дулатовты ойнадым. Бірақ ол фильм жарыққа шықпай қалды. Негізі белгілі бір рөлді армандап, осы тұлғаны сомдасам деу менің табиғатыма жат нәрсе. Ол рөлді ойнай алмай қалғанша, армандамай-ақ қойған жақсы. Өйткені кезінде Калигуланы ойнағым келген. Калигула негізі үлкен бір белеске жетелейтін үлкен рөлдің бірі еді. Әрі өте қиын рөл. Бірақ ойнаған жоқпын. Сәті келмеді. Қалды. Әрі оған өкінген де емеспін. Бірақ театр сахнасында да, киноларда да бірталай жақсы рөлдерді сомдадым. Соған да шүкіршілік етемін.
— Театрда да, кинода да бірдей жұмыс жасап келесіз. Қайсысынан көп қаражат табасыз?
— Қаражат мәселесі – мен үшін маңызды нәрсе емес. Мен үшін ең бірінші үлкен мәселе – шығармашылық. Тетрға келген жастарға да «егер де материалдық жағдай іздеп келсеңдер, театрдан ертерек кетіп қалыңдар» деп айтамын. Өйткені театр бұрыннан материалдық жағдайды көтеретін жер емес. Театр – шығармашыл адамның үйі. Сол үшін жата-жастанып театрмен ауыру керек. Ал театрмен ауыру деген сөз – ол сенің ұжымың, күнделікті жасап жүрген спектаклің, репетицияң. Бірақ театрдың айлығы шайлығыңа жетпейді. Бұны бәрі біледі. Айлық аз екен деп, сүйікті мамандығыңнан кетіп қалуға да болмайды. Театрды, мамандығымды қатты жақсы көргендіктен, кино мен үшін екінші орында тұрады. Сол үшін киногерлер маған «неге киноны екінші орынға қойып қоясың?» деп ренжиді. Ренжи берсін. Шынымен де, театр мен үшін бірінші орында тұрады. Театр менің екінші үйім. Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жетсем де, соның барлығына себепкер – театр.
— Сұхбаттарыңызда «Сержан братан» өзімнің өміріме, болмысыма ұқсайтын рөл деген екенсіз. Бірақ сіздің табиғатыңыз бұзақы адамға ұқсамайды.
- Бұзақының рөлін ойнау үшін бұзақы болу міндетті емес. Бірақ 90-шы жылдар мен үшін айға барғандай жат кез емес, өзіміздің көзімізбен көріп, басымыздан өткізген жылдар. Сол үшін ол рөл мен үшін аса қатты қиындық туғызған жоқ. Өзіңіз айтқандай, «Сержан братанның» рөлі табиғатыма жақын болды. Сол кездердің жаргондары, сөйлеу мәнері, қалай жүру керек, куртканы, бас киімді қалай кию керектігінің барлығы есімде. Сценарийді жазған режиссер Әлішер Утев басында материалды дайындап, мені тауып, маған арнап, лайықтап, рөлді жазып шықты. Жазып шыққан соң, сценарийді толық оқып шықтым. Маған бірден ұнады. Бұл шығармашылық тандем, байланыс деп аталады. Әлішер нақты не түсіру керек екенін, актерлармен қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы білетіндіктен, халықтың көңілінен шығатын киноны түсіре білді. Сол үшін Әлішер Утевке алғысымды білдіремін.
- Сізге хабарлассақ, үнемі әр өңірлерде түсірілімдерде жүресіз. Нақты айтқанда, сізді бір жерден табу өте қиын. Осындай қарбалас уақытыңызда отбасыңызға қалай көңіл бөлесіз?
- Отбасыма арнаған арнайы уақытым бар. Маған журналистер не басқа адамдар хабарласып, сұхбаттасуға шақырып жатады. Егер олардың белгілеген уақыты отбасыма бөлген уақытыма тұспа-тұс келсе, бастартамын. Өйткені отбасыма бөлген уақытымды ешкіммен бөліспеймін. Мысалы, дүйсенбі күні жұмыс болмаса, міндетті түрде ол уақытымды отбасыма арнаймын. Жер үйде тұратын болғандықтан, жер үйдің жұмысы ешқашан бітпейді. Ал ана журналистпен кездесуім керек, не ана жаққа кездесуге баруым керек, деп жүре берсем, үйдің шаруасы қалып қалады. Негізі үй шаруасына қатты көңіл бөлетін жанмын. Маңызды кездесулерден қалсам да, қызымды мектепке апарып-алып келуге кететін уақытты да ешкімге бермеймін. Бұл әкелік борышым болғандықтан, қызымды жаяу жүргізе алмаймын. Сол үшін «кешіріңіз, сізбен кездесе алмаймын» деп, кездесулерден бас тартамын. Жеке басымның, отбасымның жұмысы өзгеге қажет болмаса да, өзіме маңызды.
- Қазір өміріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр?
- Өнер адамы болғаннан кейін өмірімнің барлығы өнермен тығыз байланысты. Атақты режиссер, классик Сатыбалды Нарымбетов өмірден озардан бұрын бір фильмді бастап кеткен болатын. Бастаған уақытта пандемия басталып кетті. Пандемия біткенін екі жыл күтіп жүріп, ақыры өзі өмірден өтті. Бірақ бір қуантарлығы, сол кісінің ұлдары Асқар-Мұхит Нарымбетов пен Ескендір Нарымбетов екеуі де режиссер. Екеуі де көптеген фильмдерді түсірген. Енді олар бірлесіп, әкелерінің жұмысын жалғастыруды қолға алды. Фильм «Долгое эхо» (Жаңғырық) деп аталады. Ол осының алдында түсірілген «Аманат» фильмінің жалғасы десек те болады. Күзден бері фильмнің 70 пайызын түсірдік. Көктемде осы фильмнің қалғанын түсіруіміз керек еді. Бірақ оның барлығы қаражатқа келіп тіреліп тұр. Алдағы уақытта түсіріліп қалады деген үмітіміз бар. Үлкен жаңалығымның бірі де сол. Сатыбалды ағаның бұл тек балаларына тастап кеткен аманаты емес, актерларға, жалпы қазақ өнерінде жүргендерге, «Қазақфильмге», Мәдениет және спорт министрлігіне, кино қорына тастап кеткен аманаты деп білемін. Сол үшін барлығымыз да жұмыла іске кіріссек, ағаның аманатын ақтаған болар едік.
Ал өмірімдегі жаңалығыма келсек, бірқалыпты өмір сүруден қорқамын. Өмір бірқалыпты болып кетсе, қызық та болмай қалады. Оның үстіне, өнер адамы болғаннан кейін тіптен қиын. Өмірімде айтарлықтай жаңалық болмаса да, шығармашылығым да бар. Осыған орай, алдағы уақытта Әлімбек Оразбековтың режиссерлігімен Бернард Шоудың ең үздік шығармасы «Пигмалионды» сахналанып жатыр. Қазір соған дайындық үстінде жүрміз. Қойылым маусым айының 16-18 күндері аралығында болады.
– Дулыға аға, сіздің атыңыз ешкімде жоқ ерекше есімдердің бірі. Атыңыздың бұлай аталуының сыры неде?
- Дулыға деп атам қойған екен. Бала кезімде танысқанда ешкім түсінбей, қайта-қайта «кім?» деп сұрай беретіндеріне намыстанып, әкеме «Не үшін Дулыға деп қойдыңдар?» деп ренжігенмін. Сөйтсем, әкем «Дулыға деген батырдың бас киімі. Және оны анау-мынау жай батырлар емес, қолбасшылар киген. Сол үшін атаң сені биік жүрсін деп «Дулыға» деп атыңды қойды» деді. Бұл есім кішкентай кезімде Сарысу ауданы, Байқадам ауылында менен басқа Дулыға есімді қырықтан асқан, өте сауатты кісіде де болды. Сол кісіден басқа Дулыға деген есімді естіген емеспін. Қазір бұл ат көбейіп келе жатыр. Біраз адам менен рұқсат сұрап, балаларына, немерелеріне қойды. Оған қуанамын. Дулыға есіміне тарихи талдау жасайтын болсақ, Дулыға сөзі түріктердің балама аты екен. Бұл туралы тарихшы Тұрсын Жұртбай «Дулыға» атты ІІІ томдық кітап жазып, бүге-шүгесіне дейін талдап жазған. Жалпы атымның Дулыға болғанына қуанамын, әрі оған сай болып жүруге тырысамын. Бір жағынан, әке-шешемнің тілеулерінен шығар, қазір шүкір жаман емеспіз. Отбасында 7 бала өстік. Әрқайсымыздың отбасында орнымыз бар, әке-шешем, ата-әжем барлығымыздың тілеуімізді тілеп отыратын. Қазір өзім де үш қызымды бөлектемей, тілеулерін тілеп жүремін.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! https://zhasalash.kz/ruhaniyat/dulyga-aqmolda-akter-qazir-zhenil-zhelpi-filmder-suranysqa-ie.-okinishti...-20719.html