Былтыр қазақ драматургтерін қолдап, театр репертуарын жаңа тақыптардағы тың туындылармен толықтыру мақсатында М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры ұйымдастырған «Монодрама» байқауында «Үздік тарихи монодрама» номинациясында белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың «Менің Мұстафам», «Заманауи монодрама» бойынша Ақмоншақ Ахметтің «Бейтаныс таныстар», Серік Нұғыманның «Жан алқым», «Инсценировкалық монодрама» аталымында Дидар Амантайдың «Біреудің өмірі» атты туындысы жеңімпаз атанған еді.
Сонымен қатар аталмыш театр жанындағы «Жас драматургтер лабораториясы» аясында жазылған Жансая Бауыржанқызының «Қайдасың, мама?» пьесасы «Үздік монодрама» атанды. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған бұл шығармалар биыл біртіндеп сахнада қойыла бастады. Көктемде өткізілген театрдың премьера апталығында А.Ахметтің «Бейтаныс таныстар» (реж. Н.Қарабалина), Ж.Бауыржанқызының «Қайдасың, мама?» (реж. Р.Жұрынбай) монодрамалары көрермен назарына ұсынылды.
Егер әлемдік театр тарихын парақтасақ, А.Стинбергтің «Кім күштірек?», Ж.Коктоның «Адам дауысы», С.Бекеттің «Крэптің соңғы лентасы» монодрамаларының табыспен қойылғанын көре аламыз. Қазақ драматургиясының қоржыны да кейнгі жылдары бірнеше монодрамамен толықты. Бұған елімізде ұйымдастырылып жатқан түрлі драматургиялық байқаулардың оң әсер етіп отырғаны сөзсіз. Бір ғана «Drama.kz» жобасының өзі көптеген жаңа есімдердің ашылуына мұрындық болды.
Қазіргі кезде монодрамалық шығармалар бойынша өткізіліп тұратын халықаралық театр фестивальдерінің арасынан «Sоlo» (Мәскеу), «Монокль» (Санкт-Петербор), «Отражение» (Висагинас, Литва), «Monoakt» (Косово), «Thespis» (Киль, Германия), «Импульс» (Бішкек, Қырғызстан) және т.б. моноспектакльдерге деген сұраныстың жоғары деңгейде екенін көрсетіп отыр. Олай болса, өнеріміздің қара шаңырағы саналатын М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының монодрамалық шығармаларға мән беріп, жаңа көркемдік кеңістіктің игерілуіне жол ашуын дұрыс бағыт деп санаймыз. Болашақта біздің елімізде де моноспектакльдер фестивалін тұрақты өткізуді қолға алу қажеттігі сезіледі.
Сонымен өткен аптада (17, 19 маусымда) Қ.Бегмановтың көрнекті мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың асыл жары Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» деп аталатын естелік күнделігінің желісімен жазылған монодрамасы сахнаға шықты. Спектакль премьерасын шоқайтанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Бақыт Садықова, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, М.Шоқайдың ұрпағы, ұстаз-ғалым, журналист Балтагүл Оспанова және т.б. туыстары арнайы келіп көрді.
Күллі түркі жұртының тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен М.Шоқайды қазаққа кеңінен танытуға сүбелі үлес қосып жүрген Қ.Бегмановтың шоқайтануға қаншама еңбек сіңіргені көпшілікке жақсы мәлім. Оның Наршоқыдан Берлинге дейін сегіз мемлекетке (Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Франция, Германия) Мұстафа жүріп өткен жолмен экспедиция ұйымдастырып жазған «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын екі томдық кітабы мен осы аттас төрт сериялы деректі фильмі, «Шерлі Түркістан» тарихи дастаны мен «Экспедициядан кейінгі өмір» кітабы – аса құнды еңбектер. Тіпті Шоқайды қаралап, оның есіміне дақ түсіргісі келгендермен Өскемен қаласында соттасып, оларды жеңіп шығуы ақынның ұлы тұлғаға деген зор құрметін көрсетеді. Бұл туралы тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді: «…Тәуелсіздігімге 20 жыл толғалы бері де талай соттасқан жандарды көріп жүрміз. Бірақ Алаш азаматтары үшін, Мұстафа Шоқай сияқты еркіндік үшін күрескен азаматтар жағында соттасқан бір ғана адам бар. Ол – Қасымхан Бегманов», – деген болатын. Шынымен де, ақынның табандылық танытып, Шоқай есімін қорлатпай ақтап алуы бүкіл ұлтымыздың намысын қорғап шығумен бірдей болғаны анық. Сондықтан да Шоқай әлемін бүгінгі жас ұрпаққа кеңінен танытуға барын салып жүрген ақынның драматургия жанрына қалам тартуы кездейсоқтық болмаса керек. Оның қаламынан М.Шоқайдың қилы тағдырын өзек еткен «Мұстафа Шоқай» поэтикалық тарихи драмасы мен «Мұстафа Шоқай» драмасы және «Менің Мұстафам» атты пьеса туды. Осылардың арасынан «Менің Мұстафам» монодрамасының сахнадан көрсетілуі Шоқай рухының асқақтауына жасалған оң қадамдардың бірі.
Ол Мария күнделігінде баяндалатын оқиғаларды монодрама заңдылығына бағындырып, бір арнаға түсірген. Пьесада Мария сүйген жары Мұстафамен кездескен сәтінен бастап, екеуінің тағдыры тоғысқанын, талай өмір белестерінен қол ұстасып бірге өткенін есіне алады. Қайсар мінезді, өр тұлғалы Мұстафаның адами қасиеттерін, білімділігі мен зиялылығын, күллі түркі халықтарының басын біріктіру жолындағы күрескерлігін толғана отырып, қағаз бетіне түсіреді. Сүйіктісінің басына қандай күн туса да, үнемі жанында болған Марияның оған деген шексіз махаббаты терең ашылған. Монодрама оқиғасы тарихи деректерге негізделуімен, қызықтылығымен, көркемдік әсерлілігімен тартады. Ақындық толғаныс, ой тереңдігі, публицистикалық өткірлік Мария монологтарына ішкі қуат пен ерекше екпін берген.
Спектакль режиссері Әубәкір Рахимов автор идеясын дөп басып, Мария аузымен айтылатын оқиғаларды тұтас бір желіге бағындырған. Жалпы кез келген драмалық туындының сахнадан түпкілікті орын тебуі режиссер жұмысына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан қарасақ, бұған дейін де сан жанрлы драмалық туындыларға сахнадан өмір берген білікті режиссер бұл монодраманың да өзіндік кілтін таба білген екен. Спектакль бас-аяғының жинақылығымен, көркемдік жұмырлығымен, идеялық айқындығымен көңіл баурады. Қойылым тізгінін тырп еткізбей ұстап тұрған кәнігі режиссердің кәсіби қолтаңбасы орындаушы мүмкіндігін мұқият пайдалануымен ерекшеленді. Ол бедерлі де байыпты, айқын мизансценалар арқылы Марияның тебіреністі сәттерін даралай алған.
Қойылымның көркемделуі қарапайым шешілген. Сахнаның сол жағында жазу үстелі, ал оң жағында айнасы бар трюмо орналасқан. Үстелдің үстіндегі жазу машинкасы, кітаптар мен Мұстафаның суреті көрермен назарын бірден аударып әкетеді. Режиссер осы реквизит заттарына жан бітіріп, Марияның көңіл күйін беруде әсерлі ойнатты.
Мария рөліндегі Күнсұлу Шаяхметова өз кейіпкерінің табиғатына терең үңіліп, оның жан-дүниесіндегі арпалыстарды диалектикалық даму үстінде көрсете алды. Иә, бұған дейін лирикалық, драмалық, трагедиялық кейіпкерлерді бейнелеуде өзіне ғана тән табиғи нақышымен танылып жүрген К.Шаяхметова бұл спектакльде өз шеберлігінің жаңа қырын ашты. Жасыратыны жоқ, моноспектакльде ойнау әрбір актердің шабыт- шалымының қай деңгейде екенін анықтайтын барометр іспеттес. Мұның ең басты қиындығы спектакльдің басынан соңына дейін жалғыз өнер көрсетіп, көрермен санасын, сезімін, қиялын өз шеберлігімен баурай алуымен тығыз байланысты. Жасырынар жиһаз жоқ сахна кеңістігінде актер амалсыздан өз бойындағы барлық мүмкіндігін сарқа көрсетеді. К.Шаяхметова да осы рөлді ойнау үстінде кейіпкерін жіті барлап, өзгеше күйге енді, бар бейнелеу құралдарын пайдаланып, қабілет-қарымының молдығын танытты.
Режиссерлік оқылымда Мария бейнесі драматургиялық шығармадан алшақ кетпеген. Сахна түкпірінен ақ шілтерлі жағасы бар, ұзын қоңыр көйлек киген, шашын желкесіне әдемі жинаған егде жастағы әйел-Күнсұлу үстел басына жайғасып, қолындағы қаламымен жаза бастайды. «Мен – Мария, Мұстафаның жары едім» деген алғашқы сөзінен бастап, ерінің суретімен диалог құрып, алыста қалған күндеріне ойша барлау жасайды. Сонау Қоқандағы Түркістан өкіметі құлағаннан кейін, большевиктердің қуғынына түскен Мұстафаның қыл үстіндегі тағдырын орындаушы әрқилы көңіл күйде өріп отырады.
Авторлық ремаркада Мұстафаның дауысы Марияға естіліп отыратын тұстарын режиссер сахна сыртынан беру арқылы көп ұтқан. Айталық, «…Егер сол аласапыран күндері сенімен кездейсоқ жолықпағанда, сүйегім сол жақтағы бір сайдың ішінде қалатыны анық еді» деген сөздерді Мария-Күнсұлу үнсіз тыңдап толқиды. Сахнадағы әр сәтін толық ойластырған актриса рөлдің ішкі тінін жоғалтпай, әрі қарата әрекет желісін жалғастырып кетеді. Жастық шағында опера театрында жұмыс істеген Марияның гитарамен ән салатын сәті де шынайылығымен баурайды. Актрисаның вокалдық мүмкіндігі бола тұра әнді соңына дейін жеткізбей кілт үзуі де – режиссерлік әдемі шешімдердің бірі. Бұл тұста Ә.Рахимов Марияның әншілік қырын емес, күнделік жазып отырған адамның ой жүйесіндегі үрдісті беруді алдыңғы кезекке шығарған.
Ал Ташкенттен аңдыған жаудың қармағына ілікпей Марияның көмегімен пойызға отырып, аман-есен қазақ даласына жеткен сәтін де актриса өте әсерлі етіп баяндады. Жары үшін қара басын қатерге тігіп, жан қиярлық әрекеттерге бара білген әйелдің батылдығы көрермен қауымды ерекше толқытып өтеді.
Хазіреттің ауылына келіп түнеген кешті актриса зор романтикалық тебіреніспен орындады. Әсіресе «Айтысты бірінші рет тыңдадым. Мұндай өлеңді суырып салып бірден шығарып айтқанға қайран қалмау мүмкін емес еді. Оның тақырыбы бізге арналғанын естігенде бұрынғыдан да қатты таңдандым. Маған қазақтардың қонақжайлылығы мен дарқан көңілі айрықша қатты әсер етті. Басымыздағы уайым-қайғы бір сәт сейілгендей күй кештік» деп көкірегінде жатталып қалған хазіреттің немересі Көлгүлдің:
«Хазіреттің елі еді,
Ақтөбенің жері еді.
Ақ маңдайлы перизат,
Мұстафа мен Мария
Қонақ болып кеп еді!» –
деген сөздерін айтыс мақамына салып орындайды. Бұл да режиссер тарапынан табылған дұрыс байлам. Қазақ даласына табаны алғаш тиген күннен бастап, халқымыздың салт-дәстүріне құрметпен қараған Марияның шынайы пейілін көрсетіп берген жарқын көріністердің бірі болды.
Бұдан кейін Екатеринбургтегі аласапыран күндерде екіге айырылып, Мұстафа қалдырған хаттардың ізімен соңынан қалмай жүріп отырған Мария қатты құлазып, мұңға батады.
«Сенің хатың арқылы,
Жалғыз жүріп отырдым.
Күйін кештім саңырау мен соқырдың,
Троицкіден Орскіге, Орскіден Ақбұлаққа,
Ақбұлақтан Шекуновқа, Шекуновтан Жымпитыға,
Жымпитыдан Ойыл, Доссор, Жилой Костқа,
Жилой Косттан Кетікке…
…Орал-Сібір көктеп өттім жазығын», – деп көзіне жас алып, дірілдеген қолдарымен жазуын жалғастыра береді. Ақыры, Грузияда жолыққан ерлі-зайыптылардың сағынышпен қауышқанын актриса көтеріңкі лирикалық екпінмен, көзіне нұр құйылып, жастық шағына оралғандай ширақ қимылмен орындайды.
Мұстафамен өткізген әрбір сәтін жадында тірілткен Мария Түркия мен Франция мемлекеттерінде бастан кешкен тұрмыстық қиындықтарын да жасырмай жазады. «Иә, мен театрдан келе салып, ертеңгі күнгі таңертеңгі асты әзірлеймін немесе шелпек пісіретінмін. Сен көкөністерді аршып, турап, дастарқанды жайып, маған көмектесетінсің. Саяси жұмыстардан қолың тимесе де, маған жәрдем беруге арланған жоқсың» деп Мұстафаның суретін кеудесіне басып аялай сипалайды. Сондай жағадан алған жоқшылыққа мойымай бір-біріне сүйеу болған абзал жандардың төзімділігіне көрермен де қоса сүйсінеді.
Режиссерлік интерпретацияда Мария үнемі Мұстафаның қамқоршысы, сенімді серігі, оның өмірімен біте қайнасып кеткен жанашыры болып бейнеленген. Режиссердің түпкі мақсатын анық түсінген актриса да Марияны сол биікке көтеруге барын салды. Ой буған Мария-Күнсұлу бір орында отыра алмай біресе күңіреніп, біресе күрсініп, енді бірде жүрегімен еміреніп түрлі көңіл-күйді бастан кешіреді. «Мұстафа, сенің барлық қажыр-қайратың түркістандықтарға көмектесуге арналатын. 1927 жылы Стамбұлда Зәки Уәлиди Тоғанның бас редакторлық етуімен «Жаңа Түркістан» журналын ұйымдастырдың. 1929 жылдан бастап түрік тілінде «Яш Түркістан» журналын шығарып, оған редакторлық еттің. Кеңес Одағының жүргізіп отырған саясатын әшкерелейтін мақалалар жазуыңды бір күн де тоқтатпадың. 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, «журналдың шығуы тоқтатылды» деген сөздерді айтқан кезде Марияның – Күнсұлу Шаяхметованың ішін әлдебір өкініш кернеп, қолының дірілі күшейіп кетеді. Бірақ бойын тез жиып, кейіпкердің ішкі эмоциялық күш-қуатын титтей де босаңсытпады. Актриса Марияның негізгі ой ағымына лайық сахналық суырып салмалыққа барып, оның Мұстафаға деген махаббаты мен шексіз құрметін әрбір қимыл-қозғалысынан, дауыс ырғағымен, бет-жүзін құбылту арқылы жеткізіп отырды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен түркі халқының азаматтарына араша түсіп, концлагерьдегі адам төзгісіз жағдайларды бүкпесіз жазған Мұстафаның хаттары көп шындықтың бетін ашады. Немістердің өркениетке жат зорлық-зомбылықтарына қарсы шығып, өз ойын тайсалмастан білдіргенін де Мария-Күнсұлу зор тебіреніспен есіне алады. Жүрегі мейірімге толы жан-жарының белгісіз жағдайда қаза тапқаны еңсесін езеді.
«Не ойладың өтеріңде,
Ауыр қайғы тап келдің.
Парижден мен келерімде,
Іздеп тауып тақия мен
Құран, сәлде ап келдім», –
деп тақияны басына кигізіп, Құранды қолдарының үстіне қойғанына дейін тәптіштеп жазады. Сөйтіп, түркі дүниесінің тарлан тұлғасы Мұстафаның мәңгі ұмытылмайтынына сенім білдіреді.
Бір сағат он бес минутқа созылған спектакльде Мария-Күнсұлудың әрбір әрекеті өзінен-өзі туындап жатқандай әсерлі, бір күйден екінші күйге ауысуы да жанр сипатына қарай үйлесімді болды. Оның Мариясы өнерпаз, нәзік әрі сезімтал жан болып бейнеленуінің үстіне өткір мінезді, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын табандылығымен тәнті етті. Театр сахнасында тар жол, тайғақ кешу жылдарында тұйыққа қамалып, тосқауылға тап болса да рухы сынбаған тағы бір асыл ананың бейнесі мүсінделді.
Қорыта айтқанда, Марияның азаматтық парызға адалдығы, жар алдындағы жауапкершілігі, сөзі мен ісіндегі бірлігі – бүгінгі жастарға үлгі. Ал М.Шоқайдың қайраткерлік болмысы мен қайшылыққа толы өмірінен сыр шерткен «Менің Мұстафам» спектаклінің театр репертуарына келіп қосылуы театр ұжымының ұлт ұлыларын дәріптеудегі игі істерінің жалғасып жатқанынын көрсетеді.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
өнертану докторы
https://qazaqadebieti.kz/32425/sahnada-meni-m-stafam