Бекжан Тұрыс, актер: Биліктің білегін сүйегендер көп...

Қазақ театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан актер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыспен шығармашылығы мен қоғамдық жағдайларға қатысты әңгімелескен едік.

— Кейінгі кездері киелі саналатын сахналар жын-ойнақтың ортасына айналған-ды. Яғни «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қалмағандай. Сахнада бейәдеп сөздер айтып, есірген әртіссымақтарға қандай шара қолдануға болады?

— «Өнер – өмірдің үзілмес бір бөлігі, ал саxна – сезімтал жандардың мекені» дейміз. Өкінішке қарай, бүгінде сезімталдық кез келген өнер адамының бойынан табыла бермейді. Артыс-тартысты, алыс-жұлысты «өнерім» деп білетіндер көбейді. Сахнаның қадірі кеткен жоқ, кетіріп жүргендер бар. Ұстазымыз – сахна биік мінбе, ал биік мінбеге о заман да бұл заман борпылдақ бос сөз айтатындар шықпайды деген еді. Қазір кім болса сол шығып, аузына келгендерін айтып, қасиетін қашырып жүр. Тоғышарлық жайлаған қоғамдағы кеселдерге қарсы тұра алмай келеміз. Ұлттың ұлағаты, дәстүрі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейді. Бізге қазір ұлтты руханиятсыздықтың дертінен аман сақтаудың жолдарын қарастыру керек. Өз еркіне жіберілген мәнжүбас жастар ойына келгенін істеп жатыр. Кісінің жанын түршіктіріп, иманын бір уыс ететін жабайы, жат, өрескел, теріс әрекеттер кеңінен етек алып барады. Олардың ойында әлі хайуандық инстинктен басқа аңсар бола бермейді. Ақселеу ағаның «көрер көз, сезер жүрек болса, біздің ұлттың рухани әлемі қазір өлім мен өмір додасын бастан кешіріп жатыр. Өлім деген жақта не тілі жоқ, не ділі жоқ, не дәстүрі жоқ рухани шаталардың «дамыған елдердің озық мәдениеті» деп даурыққан даңғазасы құлақ тұндырады дегені бар еді. Ұлт үшін қасіреттің зоры бүгінгі ұрпақтың тоқмейілсуі, өзі өсіп-өнген тамырдан кіндік үзуі, батыстық дүлей күштің экспансиясы тексіздікке, талғамсыздыққа ұрындырып, ұлттық сезімнің сөнуіне себепші болып отыр. Мұндай рухани зорлыққа араша түсу үкіметіміздің қаперіне де кірер емес. Жүрекке мұң ұялататын осы бір дүниелер ар ұяттан айырылып жан дүниеміз жалаңаштанып барады. «Өнердің ішіндегі ең маңызды кино» – деді Ленин. Біз қазір асыл мен жасықты өз бетімізбен айыра алмайтын дертке ұшырадық. Бүгінгі кинолардың өзі сондай боқауыздан тұрады. Өкініштісі сол, кинода Қазақстанға белгілі еңбек сіңірген қайраткерлер жүр. Әдебиет пен өнер халықтық ар-ожданның көркемдік бейнесі емес пе? Біздің көркемдік бейнеміз сондай болса, біз кім болғанымыз. Сахнаны бұлай ластау жақсы нәрсе емес. Өнер ұлттың жұлынды жүйкесі. Ал егер жұлынын алып тастаса не болады? Кезінде театр, кино, ән болсын, жалпы өнер саласында көркемдік кеңес болатын. Көркемдік кеңестен өткен соң ғана үлкен сахнаға шығатын. Қазір ән әлемінде көркемдік кеңес жоқ. Сол себепті, әркім сахнаға шығып, білгенін істеп жүр. Кейде соларды тоқтатудың орнына, «жаңылысқан екен» деп қорғап та жатамыз. Ең өкініштісі, жастардың басым көпшілігі солардың тыңдарманы. Ал қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпақ дертке шалдықса, ұлт болашағының дертті болғаны.

— Сонау 90 жылдағы қиын-қыстау кезең театрға да әсер еткен екен. Сол уақыттарда көптеген артистер театрдан кетіп, саудаға бет бұрған көрінеді. Сіз сондай кезеңнен қалай өттіңіз?

— Ол кезең жалғыз өнерге емес, жалпы қазаққа әсер еткен тоқырау болды. Сол қиын уақыттарда тіпті айлығымыздың өзі 200 теңге болған. Ел қалай тоқыраудан өтсе, театр да сол тоқыраудан өтті. Өнер адамдарынан бөлек, мұғалімдерге дейін қызметтерін тастап, базар жағалап, саудаға кеткен еді. Негізі өнер өлмейді ғой. Қаншама өнер адамдары театрдан кеткенімен, өнер тоқтап қалған жоқ. Залда 20-30 адам болса да, театр жұмысын жалғастыра берді. Ал театрдың үзбей жұмыс жасауында Тұңғышбай ағамыздың еңбегі көп. Кейде біз «Жақсы адамның жақсылығын айтуға келгенде, сараңдық танытып жататынымыз рас қой». Бірақ Тұңғышбай ағаның жақсылығы мен еңбегін айтуға келгенде, сараңдық танытқанымыз жөн емес.

— Қазір театр қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қолдаулар болып жатыр ма?

— Жақында министріміз келіп, ұжыммен жүздесті. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов театры «Ұлттық» статусын алды. Енді статусымызға сай, жалақымыз да өсіп жатыр. Соған қуанып жүрген жайымыз бар.

— Ұлыңыз Мағжанды кішкентайынан сахнаға баулып, бірге бағдарламаларда да ойнадыңыздар. Тіпті Әуезов театрында «Ұлым саған айтам...» моноспектаклін де қойдыңыздар. Жалпы балаңыздың дарынын қалай байқадыңыз, өнерге өзі қызықты ма, әлде өзіңіз оның өнер адамы болғанын қаладыңыз ба?

— Шынымды айтсам, ұлымның өнер адамы болғанын қалаған жоқпын. Өйткені қазір өнерден қасиет қашып бара жатқан заман болып тұр. Абай атамыздың «мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген сөзі бар емес пе? Бірақ қазір өнер де жұтаң тартып барады. Хас өнердің қадірі түсіп, талғам төмендеп, көпшілік көрермен айғай-шу, даңғазаның соңында кетті. Сондықтан ұлымның өнерге келуіне әу бастан қарсы болдым. Ал шын өнер шөлге шөп өсіргендей бейнеті көп нәрсе.

«Ал ұлым өнерге қалай келді?» – деген сұраққа келсек, кішкентай кезінде «Ұят болмасын!» бағдарламасына бірге түскен болатынбыз. Ол кезде мен өзімнің балам болғаннан кейін бағдарламаға ұсына қояйын деген ойым болған жоқ. Кастинг жүріп жатқан кезде баланы тастайтын жер болмай, өзіммен бірге алып кеттім. Ал оған дейін балам ауылда анамның қолында тәрбиеленіп жүрген болатын. Соның септігі тиген шығар, балам ауылда өсіп, ауылдың балаларымен ойнап, тәрбиесін көріп өскен бала болғандықтан, кастинг өткізіп жатқандардың көзіне бірден түсті. Содан Серік Абас-Шах пен басқа қызметкерлер «осы бала рөлді ойнасын» дегеннен кейін 5 жасар Мағжанды анамыздан сұрап алдық. Одан кейін бойында дарыны болған шығар, театрда кішкентай балалардың рөлдерін сомдап жүрді. Кейін мен 40 жасқа толған шағымда жеке кешімді өткіздім. Ел алдында есеп беріп, әрі «Бенефис» дегеннің не екенін ұғындыру мақсатында өткізілген кеш десек те болады. Өйткені көпшілік «бенефис» дегенді басқаша түсінеді. Мерейтой болсын, кеш иесін сахнаға шығарып отырғызып қояды да, ауданнан, қаладан келген әкімдер шапан жауып, тілек айтады. Артынан өнер адамдары концерт береді. Солай шығармашылық кеші бір сарынмен өтіп кетеді. Шын мәнінде «бенефис» деген олай болмауы керек. Сондықтан «бенефистің» мәнін түсіндіру үшін «Әркімді жаратпаған Тәңір жайға» атты шығармашылық кешімді өткіздім. Сол кешті ұлым Мағжан жалғыз өзі жүргізді. Онда мен өзімді көрсеткен, Мағжан өзін көрсеткен ерекше кеш болды десек те болады. 6 жасар баланың 1 жарым сағаттық кешті жалғыз өткізгеніне көрермен қатты таңғалды. Осылайша, Мағжан «Өмірзая» спектаклінде ойнап, Баққожа ағамыздың, «Әпке» спектаклінде кішкентай баланың рөлін сомдап, Дулат ағамыздың батасын алды. Кейін 8-сынып оқып жүргенінде, оны өнерден алыстатқым келді. Өйткені сол кезеңдер өнердің бұзылып бара жатқан тұсы болатын. Кейін бір аға-досымнан «Дәл қазіргі кезде қазаққа қандай мамандық қажет?» деп сұрап едім, энергетиканы оқуға кеңес берді. Сонымен энергетикалық институтқа түсті. Бірақ соңғы курсқа келген кезде «Сіздердің көңілдеріңізге қарап, қалаған мамандықтарыңызды оқып келдім. Дегенмен менің жүрегім өнерді қалайды» деп көп айта бастаған соң, басында қарсы болып, кейін «жарайды» деп рұқсатымызды бердік. Мен бірақ оған «Ештеңеге араласпаймын. Өзің оқуыңды аяқтап, өз күшіңмен театрға кел» дедім. Сонымен институтты бітіргеннен кейін Жүргенов академиясында оқуын жалғастырып, аяқтаған соң театрда бір жыл сынақ мерзімінде жүрді. Сынақ мерзімінен өтіп, қазір театрда «Ұят болмасында» бірге ойнаған Жалғас Толғанбайдың баласы екеуі бірге жұмыс жасап жүр.

— Кезінде Серік Абас-шахпен бірге жұмыс істедіңіз. Сол уақыттарда «Ұят болмасын!», «77» бағдарламаларына түстіңіз. Одан бөлек, «Еркектің аты еркек» бағдарламалары арқылы көгілдір экранның сәнін келтірдіңіз. Қазір де сондай жобаларға түскіңіз келмейді ме?

— Біз әлі күнге теледидарға жеткілікті мән бере алмай отырмыз. Батысқа еліктеушілік көп. Қысқасы, ұлттың дәстүрлі мәдениеті, ұлттық қасиет екінші кезекте тұр. Қазір шыны керек, экранымызда елді ойландырып, жұртты толғандыратын рухани дүниелер жоқтың қасы. Егер дәл сондай біздің ұлттық нақыштағы бағдарламалар ашылып жатса, бастартпайтын едім. Қазір көбіне жеңіл күлкіге толы, сайқымазақ бағдарламалар көбейіп кетті ғой.

— Кейінгі кездері өнеріңіз тек театрдың төңірегінде ғана қалып кеткен жоқ па? Мәселен, әріптестеріңіз Дулыға Ақмолда, Азамат Сатыбалдылар киноға жиі түсіп жүр. Сіздің киноға түспеуіңіздің сыры неде?

— Киноға түспей жүрген жоқпын. Әрине, киноға түскім келеді. Бірақ мен театрды бірінші кезекке қойған адаммын. Әу баста да, солай айтқанмын. Мен жұрт секілді «киноға да, театрға да үлгеріп жатырмын» деп өтірік айтқым келмейді. Олай дейтінім, театрға дайындық үстінде, киноға түсіп жатырмын деп театрға қиянат жасап, кетіп қалған адамдарды көріп жүрмін. Негізі сахна, театр ондай нәрсені көтермейді. Мүмкін, бүгін көтерер, бірақ оның да өз уақыты келеді. Енді киноға мүлдем түспедім деп айтпаймын. Театрдың осындай маусымдық демалысы кезінде сериалдарға түстім. Екіншіден, театрда көптеген спектакльдерде басты кейіпкерлерді сомдаймын. Содан соң «менің түсіп жатқан кином бар еді» деп сұранып кетуге ұятым жібермейді. Кезінде «Мосфильмнен» киноға ұсыныс түсті. Сол уақыттарда театр басшысы гастрольдік сапарлар бар. Онда тек сенің қойлымдарың тұр. Кейінге жылжыта алмай ма деген. Олардың уақыты мен біздің уақыт сәйкес келмегендіктен де, басшылардың сөзінен де аттамай, театрға да қиянат жасағым келмеді. Ұлылардың аманатына адал болғым келді. Әрі киноға түспей қалдым демеймін. Қазір қарасаңыз, қаптаған кинолар түсіріліп жатыр. Бірақ солардың қайсы бірі есіңізде қалды. Тек кешегі ұлылардың түсіріп кеткен киноларын айналдырып, көре береміз. Неге сондай озық фильмдер жасай алмай жүрміз? Өйткені тарихқа түк қатысы жоқ адамдар сценарий жазады. Оның үстіне, кастингке әркім өзінің адамдарын алады. Осылайша, талантты актерлар тасада қалып, ұстазы мен көкесі барлар киноға түсіп жүр. Әйтпегенде, облыстық театрларда да мықты, талантты актерлар өте көп. Жаңағыдай озық фильмдерімізді, киноларды неге халық әлі күнге көреді десек, ол киноларда ой бар, жүйе бар, мән-мағына, халықтың санасын оятатын дүниелер бар. Қазақтың өмірі бар. Ал қазіргі кинолардың көбі бұрынғы батыстың «жарқ-жұрқ» еткен, атыс-шабысы көп фильмдеріне ұқсап кеткен. Әрі оны біздегілер жаңалық деп қабылдайды. Ал батыстағылар ондай фильмдерден бас тартып, қашып, қазір ойлы кинолар түсіріп жатыр.

Мені көбісі «көп нәрсені жақтырмайды» деп ойлайтын шығар. Бірақ кешегі кинолар мен комедиялар «Тақиялы періште», «Қыз бен жігіттегі Аңғарбай», «Менің сүйікті дәрігерім», «Алдар көсе», т.б фильмдерде ойнаған кейіпкерлер есімізде қалды. Ал қазір танымал болғысы келетіндерден «мен өнерге қызмет етіп жүрмін» деген нәрсе естімеймін. Тек «танымал болып, тарихта қалсам» деген ой ғана бар. Қазіргі өнер жеке бастың қамына қарай hәм атақ пен абыройға қызмет ететін болды. Бізде қазір шын жақсысын емес, көңілі жарасқан өз тапшысын асыра мақтау мен өсіре мақтау әдетке айналып кеткен. Адалдығы жоғалып, арамдығы молайған кезеңнің бәрі – мақтау-мадақтау. Ал сол мақтау арқылы біреуді өсіруге де, енді бірін өшіруге де болатынын білмейміз. Олар тарихта қалмайды. Олай болу үшін тұлға болып қалыптасу қажет. Ұлттың сөзін сөйлеп, жеке басқа емес, ұлтқа ұлттық өнерге қызмет ету керек. Ұлт болғаннан кейін ұлттық проблемалар болмай қалмайды. Бүгінгі кеудесін ұрып жүргендердің ақиқатқа келгенде үні шықпай қалады. Өздерін керемет талант санайтындар шындықтан неге алыс жүреді? Егер шындықты сөйлей алмаса, құдай берген таланттың құны бес тиын. Қайраткерлерді қолдан жасап алатын болдық. «Тұлға» деген аяулы ұғымды, ең биік өлшемді кез келген көлденең көп һәм көк аттының қанжығасына байлап беріп жатырмыз. Ең болмаса, солардың арасында жілігі татитыны болса ғой… Бүгінгі мықтылар тарихта қалады дегенге кім сенеді? Ертең әп-сәтте естен шығып кетеді. Оны көріп келе жатырмыз. Шын мәнінде кезіндегі Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаевтардың замандастары атақтарын алғанымен, сол уақытта-ақ аттары өшкен. Ал атақ алмаған Шәмшілер мен Мұқағалилардың аттары мәңгілікке қалды. Міне, осы кісілер секілді азаматтар әлі де туар. Өнерге жаны ашитын азаматтардың тумауы мүмкін емес. Тағы бір айтатыным, тұлғаларымыз туралы кейінгі түсіріліп жатқан сериалдардың көбі сол тұлғаларымызды ұсақтатып жіберді. Қалай болса, солай түсіріліп жатыр. Көңілім толмайтын тұстары көп.

— Байқасақ, театрларда бұрынғы қойылымдар әлі күнге дейін қайталанып қойылып келеді. Яғни жаңашылдық жоқ. Қазіргі заманға лайықтап, жаңа қойылымдар қоймасқа не кедергі, әлде, бізде драмматургия әлсіз бе?

— Керісінше, «жаңашылдық» театрды құртып жатыр ма деп ойлаймын. Ақселеу ағамыз айтпақшы, «қазір театрда актер ойнамайды, театрда жарқ-жұрқ еткен жарық, саундтрек музыкалар ойнайды» деп. Театр не үшін керек, несімен құнды? Әрине, ең алдымен ұлт үшін сол ұлттың болмысы ерекшелігімен бағалы. Қазір ұлттық тыныс, ұлттық өрнектерді қаперге алмайды. Оннан көргенін, мұннан көргенін, естігенін алып келіп тықпалай береді.

Спектакль неғұрлым көрерменге түсініксіз болса, соны көрнекті жаңалық деп жүргендер бар. Театр ұлтпен бітеқайнасқан, тамырлас болуы керек. Біз осы қазір ұлттық өнерді орнықтыруымыз қажет. Ал біз сол төлтумамызды сақтай алмай, батысшыл болып барамыз. Бірақ сіздер айтпақшы «жаңашыл» деген қойылымдардың ғұмыры ұзаққа барып жатқан жоқ. Сол себепті «жаңашыл» деген қойылымдар көрерменнің көңілінен шықпаса, не үшін қоямыз? Ал енді біз басқа заманның өкіліміз деп, кешегі алыптар салған сара жолды өгейсітпеуіміз керек. Қайта одан әрі кеңітіп, дамытып, жалғастырып отыруымыз қажет. Бұл ұрпақ парызы. Әрі Ұлылылардың аманатына адалдық деп білемін.

— «Ұят болмасын» бағдарламасында Ақылбай ақсақалды керемет сомдадыңыз. Тіпті сол образ арқылы ақсақалдың тұлғасы қандай болу керек екендігі жөнінде көпке де үлгі бола білдіңіз. Жалпы «ақсақал» өзіңіздің ойыңыз бойынша қандай болу керек?

— Мен шалдардың шапанына жабысып, солардың батасын алып өскен баламын. Ақсақалдықты былай қойғанның өзінде, қарапайым шалдарымыз кез келген ауылдың қара сирақ балаларын тәрбиелеп шығарған болатын. Қазір бәрі шал болудан қашады, шал болғысы келмейді. Содан кейін жастар үлкен кісілерді сыйламай жатса, «мені сыйламады» деп жастарға ренжиді. Неге олай? Бұрын бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кемпірдің кесімді сөзі келінді тәрбиелеген жоқ па еді. Ескі мен жаңаның арасын жалғаған, жаны даладай кең, көңілі баладай сенгіш, ұлт рухының қайыспас қара нарлары еді. Ондай қарттарды қазір көре алмай қалдық. Қарттардың бейнесі жоғалып барады. Бұрын ұстазымыз Асқар Тоқпанов «шал болу үшін жас кезден бастап дайындалып, жас кезден соған бейімделу қажет. Өйткені қарттықтың қалай жетіп келгенін өзің де аңдамай қаласың» деп жиі айтатын. Сондықтан қасиетті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болатын қадірлі қарт болуы керек еді ғой. Бірақ ондай қарттар жоқтың қасы. Кейбіреулер Асанқайғы құсап кешке дейін «жоқ» деп айта береді екен дер. Айтса айта берсін. Жоқ екені рас. Шындығы сол, бәрі шал болудан қашады. Неге қашатынын білмеймін. Егер төрелігін айтар ақсақал болса, «Қаңтар қасіреті» болар ма еді? Бір ауылды уыздай ұйытып отыратын жұртының жүрегін сүйген ақсақалдар көп болатын. Ал қазір биліктің биігін сүйген, ақсақал деуге келмейтін шалдар бар. Одан кейін қалай көңілің қалмайды? Аузында елге айтар сөзі жоқ, басында бөзі жоқ аналарымыз да көбейгені шындық. Бекет атамыздың «киелі өсиет – елдің қазығы, ұрпақтың азығы» деген сөзі ұрпақты азықтандырады. Бағыт-бағдар бере алмайтын ақсақал ұрпаққа қалай азық болады? «Қарты жоқ елдің балалары диуана келер» демекші, сол сияқты қазір «әттең-ай» дейтін тұстар көп. Атадан – өсиет, анадан қасиет болмаса, ел азады, халық тозады. Одан бөлек, қазір бесік жырын айтатын аналар да жоқтың қасы. Бесік тербетіп отырып, «бесік жырын» айтатын аналарды көрмейміз. Кезінде қанатты сөздер, ертегілер, бесік жырлары балаларды батылдыққа, ерлікке тәрбиелейтін. Ал қазіргі апаларымыз сондай жырларды ашып қарай ма екен. Бұл да жоқтың қасы. «Бесігін сыйламаған елдің есігін кім көрінген теуіп ашады» деген сөз осындайға арналған. Сол сияқты қазір бесік көрмеген буын қалыптасып шықты. Әрі сол буданның қазақтың бесігіне де, дәстүріне де, өсиетіне де түкіргені бар. Шұбар тілді сол езбелер қазір жоғарыға барып отырып алды. Сондықтан осындайлармен күресіп, ұлттық идеологиямен жұмыс істеу қажет. Ал рухы жаншылған елде идеология бола ма деген тағы сұрақ тұр. Өйткені рухани, ұлттық идеологиямызды әбден жаншып тастады емес пе?! Сол құлаған рухты, езілген енсені қалай қайта тіктейміз? Қазір бәрі құр ұраншыл. Ұран көп болғанымен, елге қызмет жоқ.

— Сіздің «әу» дейтін қасиетіңіз бар екенін көпшілік біледі. Кезінде үлкен сахналарда ән де айттыңыз. Тіпті «Амалым қанша» деген әніңіз көпке дейін хит болды десек те болады. Ән айтуды неге қайта жалғастырмадыңыз?

  • Қазақ халқы – әнші халық. Менсіз де әншілер көп қой. Ән деген аманат, халықтың қазынасы. Көзге көрінгеннің бәрі асыл емес. Ән де солай. Сондықтан «әу» дегеннің бәрін ән екен деп ұрына бермеген жөн. Шын мәнінде, құлақтан кіріп, бойдан тұрақ табатын әндердің азайып кеткені рас. Бірақ қазір не көп, әнші көп. Сол әншілермен жағаласпай-ақ қояйыншы деп жүрген жайым бар. Керек жерде сұраса, домбырам қолымнан түскен емес. Бір жағынан мұндай әнді қазіргілер тыңдай қоймайды-ау. Өйткені бұрынғыдай жыр, термелерді тыңдайтын үлкен де қалмай барады. Ал арнайы жаздырып, ән айтпаймын. Екіншіден, қазір театрдың жұмысы көп, үнемі ізденісте жүргендіктен, домбыра ұстауға да уақытым болмай кетті.

— Сізді намазға бет бұрды деп естідік. Негізі өнер адамдарының кейбірі намазға жығылғаннан кейін дін мен өнерді бір-біріне араластырып, шатастырып жібереді. Сіз де дінге қатты кіріп кетпедіңіз бе?

— Кез келген халықтың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы қасиет болып табылады. Дін – әрбір ақыл иесін өз қалауымен дүние және ақыретте нағыз бақытқа жеткізетін иләhи жүйе. Таза ақылдың бағытымен таппаған дін шынайылық емес, ол бояуы көп нәрсе.

Сіздің айтып отырғаныңыз фанаттық деңгейден шығалмай қалған бауырлар жайлы ғой. Қазақ халқы мұсылман дініне фанаттық деңгейде беріліп кетпеген халық еді. Білмедім. Намаз әркімнің өзі үшін. Бірақ дінге фанатизмге кіріп кеткен адам намазға келіп жатқан, намазда жүрген адамдардың бағасын түсіріп жатыр. Тіпті дінге тіл тигізіп жатыр. Кешегі бабаларымыз «діні қалмағанның дымы қалмайды» деп жаманшылықты көре-көре жанына батқаннан кейін айтқан екен ғой. Солардан қалған имани сарқыншақ санамызда қайта сәулеленіп, ақиқатындағы болмысымызға қайта оралып келе жатырмыз ау дегеніміз болмаса, олар қайда, біз қайда? Қазір уағызшылар асыра сілтеп, өздеріне лайықтап, керсінше, жастарды діннен алыстатып жатыр. Сол үшін кейде оларға «сендердің уағыздарыңнан гөрі, кешегі тізесін бүкпей, тік тұрып өлген бабаларымыздың уағызы артығырақ» деп айтып жатамын. Аргентиналық жазушы Борхестің «Қас өнер дінмен табиғаттас» деп айтатыны бар ғой. Біз өнерде жүргеннен кейін дінмен асыра араластырмауға тырысамыз. Кешегі ойшылдар да «биік ұлт болып қалыптасу үшін бірінші тәуелсіздік, сосын діндарлық қажет» деп айтып жатады. Жұрттың бәрі діндар болсын деген міндет емес. Сол үшін дін «сен бүйт» деп жұмақпен, тозақпен қорқытатын нәрсе емес. Ұлтты ұйытқылы ететін – парасат, адамды абзал ететін – иман. Ұлтымызды өрге сүйрейтін ілкімді істердің іргетасы әуелі иманға байланған. Бүтін көңілдің иманы жоғалмасын. Қазір иманымыз әлсіз. Бірақ «мынау дұрыс, мынау бұрыс» деп баға да бере алмаймын. Өзімнің бес уақыт намазым бар, Шәкәрімнің, «барар жерің қараңғы, шамшырағын сайлап ал»» деп айтпақшы, тірімде бес уақыт намазымды оқып, ниет етіп жүрген жайым бар. Сондай-ақ дін қазақпен демалмайды, қазақ дінмен демалады. Оның қорғаушысы бір – Құдай. Күн-айын тілеген, құдайын жүрегіне құрмет тұтқан елміз. Абайлар жүрген, Бұқарлар жүрген жол бізге ыстық. Әлеуметтік тұрмыс-салтымыз, бітім-болмысымыз исламмен бітеқайнасып келе жатыр. Бірақ егемендігімізді алғаннан кейін шекарамызды бәріне ашып беріп, әртүрлі діннің сарқыншағын алып келіп, дінде адастырулар көбейді. Жастар да солардың артынан ілесіп кетіп, домбырасын лақтырғандарды көрдік. Ол аздай ән айту харам дегендер де шықты. Дін қасиеттен гөрі, қаруға айналғаны шындық.

— Саясатпен айналысатын ойыңыз бар ма?

— Саясатпен айналысатын адамдар бар ғой. Саясатпен айналысу – менің ісім емес. Онсызда төбеде отырған төре-билерден артық ойламасам, кем ойламаймын. Артық айтпасам, кем айтпаймын. Айтатын жерде айтарымды айтамын.

— Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

https://zhasalash.kz/ruhaniyat/bekzhan-turys-akter-biliktin-bilegin-sujegender-kop...-21131.html


Өзге жаңалықтар