Сатирада ойып алар орны бар әртістің бірі - Асылбек Боранбаев. Бірақ қазір қырағы көзді көрермен қазір оны сатира әлемінен аса көп көре бермейді. Мұның сырын және елу жылдық мерейтойға дайындық процесі туралы актерден өзінен Stan.kz тілшісі сұрап білді.
– Асылбек аға, санаулы күндерден соң ғасырдың жартысына келеді екенсіз. Мерейтойыңыз құтты болсын. Елу жасқа дайындық қалай өтуде?
– Иә, кеше ғана осы театрға бала болып келген едік. Қазір 50-ге келіп ел ағасы болатын жасқа жетіп отырмыз. Қазақ “бір ғасырдың беліндей, болар ма жас елудей” дейді ғой. Немере де сүйіп жатырмыз. Осы күнге жеткізген Аллаға тәубе. Дайындық ақырындап жүріп жатыр. 16-қазан күні М. Әуезов театрының сахнасында Гогольдің “Үйлену” атты спектакльін қоямыз. Ол жерде мен басты рөлді сомдаймын.
– Көрерменге есеп беру кешін ұйымдастыру жоспарда бар ма?
– Міндетті түрде ұйымдастыру туралы жоспарлар бар. Өзім туралы Алланың қолдауымен, жақсы достарымыздың себепші болуымен шағын бір кітабым шыққалы жатыр. Оны да көрерменге тарту етеміз.
– Алматылық көрермен сізді сағынса, театрдан көре алады. Ал ауыл-аймақтағы өнеріңізді сағынған жандар сатира әлемінен сізді таппай жүр. Неліктен?
– Біріншіден, бұл елімізде, әлемде пандемия деген нәрсе болды ғой. Сондықтан үш жылдай отырып қалдық. Ешқандай әнші, өнерпаз, әртіс қалыпты жағдайда болып жатқан концерттерін халыққа ұсына алмады. Пандемия бітсе де халық концерт көретін жағдайда болмай жатыр, шыны керек. Байқасаңыз, ешкім концерт беріп жатқан жоқ. Оның үстіне концерт беретін ұйымдардың жалға беру ақысы өте қымбат. Сондықтан да концерт беретін жағдайда емеспіз. Бұған қоса актерге өз-өзіңе келу үшін, алдыңа мақсат қою үшін бір үзіліс керек. Бірақ үзіліс-үзіліс деп жата бермей, ары қарай тірлігімізді де ұмытпауымыз қажет.
– Көпшілік сізді “Тамашадан” бөлініп, “ТТ” театрын құрған кезде түсінбей қалды. Тіпті, әлі күнге дейін өнерсүйер қауымның ойында “Асылбек Боранбаев неге “Тамашадан” бөлініп кетті?” деген сұрақ бар екен.
– “Тамаша” ойын-сауық орталығында 25 жылдай қызмет еттім. Оның ішінде тек әртіс емес, көркемдік жетекші де, бас режиссер де болдым. Ағалар кеткеннен соң ол театрды ұстап жүру керек еді. Қолымнан келгенше 7-8 жыл сол театрды басқарып жүрдім де, кейін өзімнің театрымды ашуға тура келді. Көп ойландым, көптеген мақсат болды. Бәрібір сол “Тамашаның” деңгейін ұстап тұру қиын еді. Өйткені ”Тамаша” оны құрған тарландардың еншісінде қалған дүние еді. Ары қарай жалғастырып кететіндей ағалардың біреуі де болмады. Көзін көрген 1-2 ағалар басқа театрларға кетті. Сондықтан мен өзім театр құрайын, ағаларымыздың аманатын аяқасты қылмайын деп жылы жауып өзім театр аштым. Жақсы сөз естісем де, жаман сөз естісем де өз театрыммен жүрейін деп ниеттендім. Аллаға шүкір, ниетіме сай, “ТТ” театры да халықтың ілтипатына бөлене алды. Әлі де талай көрерменге береріміз көп. Оның бәрі уақыт еншісінде.
– Соңғы кездері кино әлемінен де көре бастадық…
– Иә, театр-театр деп жүре бермей мен киноға да ауысып жатырмын. Бір жылдың ішінде 7-8 киноға түсіп қойдым. Бұл басы ғана. Кинодан да халық көріп , оң бағасын беріп жатыр. Алдағы уақытта да көп киноларға түсіп, көрермен көңілінен шығамын деген ниеттемін.
– Асылбек Боранбаев киноға түсуі үшін қандай талап қояды?
– Маған кастингтен хабарласқанда қандай кино, қандай режиссер қояды деп сұраймын. Көптеген YouTube арналған сценарийлер келеді. Көбіне бас тартуға тура келеді. Себебі оның ішінде көрерменге айтуға келмейтін балағат, мәдениетсіз сөздер болады. Міндетті түрде сценарийге қараймын, егер ұнаса ғана келісім беремін.
– Гонорар да маңызды талаптардың бірі шығар?
– Бірінші мәселе ол киноның маңыздылығы, құндылығы болу керек. Оның көрерменге салар ойы, астары, мән-мағынасы болу керек. Ең бірінші кезекте соған қараймын. Гонорар мәселесі сосын келеді ғой. Гонорар қанша берсе, соған түсе беретін жас бала емеспіз. Өзімнің қойылған гонорарым бар. Кейде менімен келіспейтін кездер болып жатады. Ол кезде жылы жауып қоя саламыз.
– Қазір гонорары жақсы болса болды, фильм сценарийін аса маңызды көрмейтін жастарға айтар ағалық ақылыңыз қандай?
– Қазір қарғалардың төрге шығып, қыран бүркіттердің босағада отыратын кезі болды ғой. Қазір тұшымды емес, арзанқол дүниелер көрерменге жол тартып кетіп жатыр. Қазір арзан дүниелермен “танымал” болып кетіп жүргендер жетерлік. Ондай танымалдылықтың аяғы бір-ақ тұтам. Алайда өзін сыйлайтын, өзін құрметтейтін актер ондай тұшымсыз дүниеге барып, одан арзан танымалдылық іздемейді.
– Елуге келген Асылбек Боранбаевтің жолын қуған ізбасарлары бар ма?
– Аллаға шүкір, төрт қызым, бір ұлым бар. Үшінші қызым менің жолыммен театр академиясында оқып жатыр. Ешкімнің қарсылығын, тіпті мені де тыңдаған жоқ. Мен де сахнада ойнап, актриса болғым келеді дегендіктен келістім. Қазір бет алысы жаман емес.
– “Қыз мұраты - кету, жол мұраты - жету” деген дана сөз бар. Бұл тақырыпта қызыңызбен сөйлесіп, қандай әкелік ақылыңызды айттыңыз?
– Актрисаның ең қиын жері осы. Ертең тұрмысқа шыққан соң күйеуің қарсы болса, онда шешімді сен қабылдауың керек. Әйтпесе, отбасыңның сиқы бұзылып, берекесі қашады. Отбасында еркектің айтқаны болу керек. Егер азаматың келіссе, ойна. Сені түсініп жатса, тіпті жақсы. Ал түсініспеушілік жасап, қызғанып жатса онда керегі жоқ деп ескерттім.
– Сөз соңында отбасының берекелі болуы үшін қандай қағидамен өмір сүру керек? Ағалық кеңесіңізді айтып өтсеңіз…
– Отбасының берекелі болуы үшін қасиетті Құранда да жазылған, пайғамбарымыз да айтатын бір ұстаным бар. Отбасында бақытты болу үшін ер адам әрқашан да әйелін сыйлау керек, құрметтеп, қадірлеу керек. Қолынан келсе, алақанына салып аялау керек. “Араларыңдағы ең жақсыларың әйелдеріңді сыйлай білгендерің” деген керемет насихат бар. Отбасында береке-бірлік, ынтымақ, бір-біріне деген махаббаттың ұзақ болуы үшін әрқашан да әйелі де, еркегі де өзара сыйласып, бір-біріне адал болу керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
https://stan.kz/news-369961/