«Театрға үлкен сынақпен қабылдандым»
Ол өнерді есеппен емес, ессіз сүйетіндердің қатарынан. Өзі де басты рөлде ойнайтын «Жүз жылдық махаббат» қойылымында «Өнер адамдарының есі жоқ. Әйтпесе, арзымайтын айлыққа қарап жүре ме?!» деп сөйлейтін эпизоды бар. Театрды жан-тәнімен сүйетіні соншалық, «әрбір шегесіне дейін жақсы көремін» деп айтады. Оның кинодағы басты рөлдерінің бірі - Фаризасы ерекше есте қалады. Оның образдары мүлдем қайталанбайды, себебі, кейіпкерлерін сомдағанда әр алуан Ажарлымды көреміз. Сахнада ойын көрсетпейтін, сахнада өмір сүретін М. Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Ажарлым Бақытжанова www.ernur.kz сайтына шығармашылығы, жеке өмірі, театр және кинодағы қадамы туралы сұхбат берді. – Ажарлым, театр сахнасында сан жанрлы рольдерді толғатып келесіз. Әшағаң, Әшірбек Сығай өз мақалаларында«кейіпкержандылық» деген сөзді жиі қолданған екен. Сіз қандайсыз, кейіпкержандысыз ба? – Бәлкім, иә. Сахна деген айна ғой. Қайбір актер сахнаға көрерменінің алдына шыққан кезде жалаңаштанып шығады. Сахнадағы барлық нәрсе көрерменге алақандағыдай болып көрінеді. Өз-өзімді мақтай алмаймын. Әкемнен үйренгенім бар, осында жүрген актер аға-апаларымыздан көрген-білгеніміз бар, ешқашан да алдамауға, табиғатыма қарсы шығып, жалған нәрсе жасамауға тырысамын. Сол себепті қайбір кейіпкер болмасын, барынша өтірік ойнамауға жанымды саламын. Жақында ғана бір қыз менен: «Ажар, кастингте қалай әдемі жыласа болады?» деп сұрады. Жалпы өмірде жылағанда әдемі жылайын демейсің ғой. Сол себепті қайбір өнер адамы шынайы болған сайын ол адам сүйкімді болады. Менің ұстазым «Ең сүйікті адам – еңбек еткен адам» деп ұдайы айтады. – «Әкемнен үйренгенім бар» деп айтып қалдыңыз. Жалпы, театрға қалай келдіңіз? – Мен әрбір сұхбатымда «балабақша көрмегенмін» деп айтамын. Алатаудың бөктеріне Ақтөбеден арман қуып келдік қой. Актриса боламын деп. Біз жатақханада тұрғанда қалалық студенттер бізге қызығатын. Біз керісінше «Қайта сендер бақыттысыңдар, үйде тұрасыңдар» деп айтамыз. Олар біздің күйімізді, біз олардың күйін кешкіміз келеді. Сол секілді «балабақшада бірге өстік» деген әңгімелер маған қызық болатын. Мен ондайды білмеймін. Түсте ұйықтау, бесіндік деген нәрсе менде болған емес. Өйткені, мен өнерлі отбасында өстім. Әкем де, анам да өмір бойы театрда еңбек етіп келеді. Екеуінің де 40 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әлі күнге Ақтөбе театрында жұмыс істейді. Әкем Мағзұм Бақытжанов режиссер әрі актер. Мен өнерлі отбасында өстім. Әке-шешем үнемі гастрольдік сапарда жүретін. Театрдың сахнасының айналасында шаңын жұтып өстім. Бәлкім, содан да болар, өзім де театрдан алыс кетпедім. – Әдетте өнер адамдары ұрпағының бұл салаға келуін қаламай жатады. Сіздің де театрды таңдауыңызға ата-анаңыз қарсы болған шығар? – Жо-жоқ. Әкем менің режиссер болғанымды қалады. Алайда, мен мектеп бітірген соң әскери қызметте істеймін деп ойладым. Содан анам «Алматыға барып көрейік» деген ұсыныс айтты. Өзім үйдің кенжесімін, тентектеу болып өскенмін. «Жарайды, бірақ, түспесем, милицияның оқуына барамын» дедім. Құдай өзі «Қой, мына қызды өнерге түсіре салайық» деген шығар (күліп). Содан Өнер академиясына оқуға түсіп кеттім. М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрына кеше ғана тарыдай болып тәй-тәй басып келген сияқты едім. Қазір артқа қарасам 10 жыл зулап өте шығыпты.
http://www.ernur.kz/sukhbattar/direktorgha-3-ai-zhalyndym-teatr-zhane-kino-aktrisasy-azharlym-bakytzhanovamen-sukhbat