Жаңа маусымның жаңалығы – заманауи стильдегі «Қаракөз» қойылымы

Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы ұлттық  драма театры 97-ші маусымын ашты. Маусымның ашылуына орай  «Қаракөз» спектаклінің премьерасы қойылды. Сондай-ақ, театрда «Мұхтар Әуезов және Ұлттық театр» көрмесі өтті.

Маусымның ашылу салтанатында өткен баспасөз мәслихатында театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов сөз алып, ерекше лебізін білдірді.  

«Маусымның ашылуы әрбір театрдың тойы болып өтеді десек, артық айтпағанымыз. Осы уақытқа дейін театрымызда қаншама өнер майталмандары қызмет атқарды. Сонау Кеңес Одағы кезінен қазақ халқының ұлттық өнерін жетелеп, осы күнге дейін алып келді. Текті өнердің тоқсан жылдық төріне көтеріліп, әкемтеатр өзге театрларға үлгі көрсетер үлкен театрға айналды. Бүгінде, Тәуелсіздік алғалы, біз де еркіндікке қол жеткіздік. Не істеп, не қоямын десек те, өзіміз білеміз. Театрымызда қазақ мәдениетіндегі сыңсу, жар-жар, тұсаукесер ырымдарын қалағанымызша қойылымдарға пайдаланып келеміз. Бұл бізге дейінгі тұлғалардың орындалмай кеткен арманы еді. Біз бүгін, міне, қол жеткіздік», – дейді театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі  А.Әшімов.

Екі айлық демалыстан соң сахнаны сағынған театр актерлері мен өнер ұжымы көрермендерге ерекше қойылымдар мен фестивальдер ұсынатынын хабарлады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта театрда билеттердің бірден сатылып, көрермендердің өнерге деген құлшынысы артып келе жатқаны жайлы сыр шертті. 

«Алдағы уақытта көрермендерге арналған жаңа  спектакльдер сахналанады. Сондай-ақ, әлемдік театр өнерінің майталмандарымен бірге фестиваль ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Онда қаламыздағы кішігірім театрларды шақырып, тәжірибе алмастыруына мүмкіндік бермекпіз. Театр өнерінің тарландарына арналған көрмелер де ұйымдастырылады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қойылымдарда ұсынылған декорациялардың макеттерінен көрме ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Осы ретте халықтың театрға деген қызығушылығының  артқанын ерекше айта кеткеніміз жөн. Бұл бізді қуантады. Мәселен, қойылымдардың билеттері бір апта бұрын сатылып кетеді. Дегенмен де, көрермен мәдениеті әлі де қалыптаса қоймаған. Қойылымға кешігіп келу, телефондарын қосып отыру секілді жағымсыз әрекеттері болып жатады. «Көш жүре түзеледі» демекші, бұл жағдай да қалпына келер», – дейді М.Әуезов атындағы ұлттық академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Е.Жуасбек.

Қазақ әдебиетінің ұлы классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қарагөз» спектаклі жаңаша сипатта көрерменге ұсынылды. Бұл жерде байырғы қазақ халқының салт-дәстүрін, дүниетанымын сипаттай отырып, жаңаша көзқарас, өзгеше стильмен өрнектеген.

 Қойылым әу басында Нарша мен Қаракөздің кездескен тұсынан басталады. Домбырада ойнай жөнелген  жігіттер қыздардың көңілін табуға тырысады. Дегенмен де қыздар жағы сыңғырлаған күлкілерімен өздерінің назын білдіреді. Алайда Қаракөз ғана Наршаға сезімінің жоқ екендігін білдіріп ыңғай танытты. Бұдан әрі қыз бен жеңгенің арасындағы диалог өз жалғасын табады. Қаракөз жеңгесіне жан сырын ақтарып, Сырымға деген сезімінің барын, шынайы махаббаты деп танитындығын білдіреді. Бұл эпизод Ғ.Мүсірепов атындағы театрда ойналып жүрген «Қаракөз» қойылымында да сахналанған болатын. Қойылым әрмен қарай Сырым мен Қаракөздің арасындағы махаббат диалогымен жалғасады. Екеуі аталас жақын болғандықтан, бұлардың сезімдері дәстүрге кереғар махаббат трагедиясы болып саналады.

Осы ретте басқа театрлардағы «Қаракөзден» бұл қойылымның ерекшелігі қандай деген сауал туындайды. Әрі қайта-қайта сахналаған сайын қай сәттер толықтырылған деген сауал да бар. Бұған театрдың қоюшы-суретшісі Мурат Сапаров мардымды жауап берген болатын.

«Қазақстан театрларында, тіпті, басқа ұлттың сахнасында жиі қойылатын қойылым. Сол себепті өзгешелік табуға тырыстық. Енді бұл спектакль қазақ халқының ұлттық дәстүрін шебер өрнектейтін шығарма ғой. Алайда біз қазақилықтан сәл алшақтап, заманауилыққа бет бұрдық. Шаңырақты жасадық, десе де шеңбер түрінде ойналмалы түрде берілді. Ол бірде аспанға көтерілсе, енді бірде ай болады, енді бірде тұтқынға түсіп, жарымжан болған Қаракөздің ішкі толғанысын білдіреді. Ортасынан маталар ақ боз үйді бейнелесе, енді бірде қыздың қиналысын көрсетеді. Ағаштар қурап кеткен, сол кездің аурасын жеткізу масатында қойылды. Сондай-ақ, әр ағаштың артынан адамдар сығалап тұрғандай шыға келеді. Жалпы, актерлардың киімдері де ақ пен қара, қоңыр секілді салқын түстерден тігілді. Ұлттық нақыштан, фольклордан алшақтауға тырыстық. Десе де, кимешек, сәукеле, шашбау, бойтұмар сынды әшекейлерімізді сол қалпында қалдырдық. Осы ретте актерлік құрамның мықты екендігінде айта кеткен жөн. Бәрі бір-бірімен үндесіп, қойлымды өзгеше жандандырды», – дейді театрдың қоюшы-суретшісі  Мурат Сапаров.

Осы ретте қойылымның ішіндегі қазақ әйелдерінің бейнелері, сылқым жеңгелердің образдары шебер жеткізілген. Мәселен, қойылымда Қаракөздің ұзатылу тойына дайындық басталады. Ауыл әйелдері өлеңдері мен өсектерін айтып отырып, қыздың жасауынын әңгімелейді Алайда, Сырым мен Қаракөздің арасында бір нарсе болған деген өсекті таратады. Алайда жеңгесі Ақбала әңгіміеге араласып, қайын сіңілісін ақтай жөнеледі. Осы сәтте Жарылғап, Жабайдың шешесі, сол үйдің ақ жаулықты анасы Мөржан келеді. Қойылымда барлық келіншекетер дуылдаған әңгімесін сап тиып, әжеге сәлем беруге қатар түзейді. Еш бірі басын көтеріп, әңгіме бастауға батылы жетпейді. Мінезді, сөзі зілдің оғындай Мөржанды актриса Данагүл Темірсұлтанова нақышына келтіріп ойнады. Салмақты дене бітімінен сол кездегі қазақ әйелінің образын көрерменге жеткізе білді.

Бұдан әрі Қаракөз бен әжесінің арасындағы әңгіме өзгеше сарында жалғасын табады. Әжесі басқаларға қатқылдық білдірсе, немересіне келгенде жұмсақ мінез танытады. Оның ерекелігін көтеріп, ішкі сырын түсінуге тырысады. Десе де, әжесі ауыл-аймақтағы өсекті өтірікке балап, Нарша мен оның бақытты өмір сүретініне сенім білдіретіндігін жеткізеді. Қабағынан қар жауған қатал Мөржанның алдында Қаракөз міз бақпай, өзін еркін  ұстайды. Айбарлы әженің сұрағына көзінің астымен бір қарап алып барып, баяу да селқос жауап береді. Ел билігін ұстаған осы кісінің зілді ескертуі өңменінен өтіп, еңсесін басып кеткендей көрінеді. Әжесінің «Ана сүтін, ақ батамды ақтамасаң – саған серт, тілеуіңді тілемесем – маған серт!» деген сөздері өңменінен өтіп, өлер алдында да осы сөздер есіне түседі.

Осы ретте  актриса Индира Құлмағанбетова Қаракөздің бойындағы айқасуға дайын, батыл күрескерден көрі мөлдір махаббатқа еркін алдыранған, сынық мінезді, сөйлеген сөзі сыпайы, қимыл-қозғалысы нәзік, тал шыбықтай майысқан сүйкімді де көрікті жанды бейнелеген. Оның сахналық сымбаты, қимыл-әрекеті ішкі жан сұлулығына сай келгенін атап өткеніміз жөн болар.

Қаракөзді ұзатарда Сырым оған «Жар-жар» арнайды. Бұл Қаракөздің тілегі еді. Десе де, ол өз сөзінде қыздың қалауын жеткіземін деп құдалар жақтан сынға ұшырайды. Сырымға риза болмаған халық Наршаның досы Асаннан «Жар-жарды» айтуын өтінеді. Бұл жерде де «Жар-жардың» өзгеше түрлерін, айтылуын байқауға болады. Бұдан әрі Қаракөз келін болып түскен кездегі «Беташар», айтыс, өлең-жырлардан үзінділер оқылады. Бұны айту құрметіне Асан ие болды. Домбыраны күмбірлете жөнелгенде, оның дауысы естуші халыққа жағымдылығымен ерекше әсер бергенін де атап өткеніміз жөн болар. Мұнда декорация пьеса мазмұнына қарай жасалып, оқиғаның өтетін орны, табиғат көріністері жарық сәулелер арқылы сахнаға жан бітіргендей бола бастады.

 Каракөз бен Сырымның арасындағы үлкен кедергі екеуінің туыстық түбірінің әлі жеті атаға тола қоймағандығы болатын. Осыған байланысты екеуінің сезімдеріне әкелері Жарылқап пен Жабай қарсы шығып, екіге айырады. Нарша мен Қаракөз отау тіксе де, Қаракөздің бар ойы Сырымда болады. Сүйгеніне қосыла алмаған әйелін көрген Нарша ауылдың маңдайы жарқыраған азаматы болатын. Жарын түсініп, жанын күйік жеген Наршаны автор көркем әдебиетте кездесе қоймайтын тұлғалардың қатарына қосады. Бір-бірін ұнатқаннан басқа қылмыстары жоқ Сырым мен Қаракөз ел алдында, ата дәстүр алдында үлкен ұятқа қалады. Бірі жынданып өліп, бірі сергелдең өмірдің күйін кешетінімен қойылым аяқталады. Сал сері Сырымның көркем бейнесін жастар арасында танымалдыққа ие болған Еркебулан Дайыров сомдаса. Наршаның бейнесін соңғы уақыттарда сахнадан көрінбей кеткен Берік Айтжанов шебер сомдады. М.Әуезов бейнелеген сабырлы, салмақты Наршаны көреременге жеткізе білді.

https://almaty-akshamy.kz/zhana-mausimnin-zhanaligi-zamanaui-stildegi-karakoz-koyilimi


Өзге жаңалықтар