Театрдың дамуы үшін кәсіби сын керек

Жуырда Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Орталық Азия елдерінің VIII Халықаралық театр фестивалі болып өтті. Айтулы шараға елімізден бөлек, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстаннан келген театр ұжымдары қатысты. Фестиваль барысында өткір пікір айтып, сыни ойларымен ерекше көзге түскен әділқазылар болды. Солардың бірі – ресейлік кәсіби театр сыншысы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, «Петербург театр журналының» бас редакторы Марина Дмитревская. Біз танымал театр сыншысына жолығып, лебіздесіп қалуға асықтық.
Jas qazaq: Марина ханым, сіз бір апта бойы Алматыда өткен театр фестивалінде қазылық еттіңіз. Осындай спектакльдер шеруінен кейін атақты театр сыншысы қандай қорытындыға келді? Жалпы театр мерекесінен алған әсеріңіз қандай? М.Дмитревская: Мен Алматыға бірінші рет келіп отырмын. Бұған дейін қаншама елде болдым. Бірақ Қазақстанға жолым енді ғана түскен екен. Бір апта бойы жаңа материкті игергендей күй кештім. Өйткені мен мүлде басқа картада, басқа географияда өмір сүрдім. Бірлесіп қазылық еткен әріптестеріммен жақын араласып, тез арада тіл табысып кеттік. Өзбек, тәжік, әзірбайжан театрлары туралы тағылымы мол мәліметтерге қанықтым. Осында алған әсерімді ұзақ уақытқа дейін ұмыта алмайтын шығармын. Жолға жиналғанда алдымда не күтіп тұрғанын білген де жоқпын. Мен үшін мүлде бейтаныс дүние, көрмеген, білмеген ұжымдар. Фестивальдің алғашқы күндері күткен үмітім ақталмады. 1950-1970 жылдардағы театр эстетикасына қайта оралғандай болдық. Құдды атамыздың заманындағы театр секілді. Талқылау кезінде тым қатты кеткен де шығармыз, ал шығыста мұндай сынды көтермейді. Театр эстетикасының баяғыда оқ бойы озып кеткенін айтуға тура келді. Қазір театр эстетикасы заманауи театр тілін ұлттық классикамен ұштастырып отыр. Ұлттық классика дегеніміз – сахнаға міндетті түрде ұлттық киіммен шығу емес. Талқылау кезінде келушілердің қарасы көбейгені байқалды. Кей пікірсайыста зал толы, аншлаг болды. Бұл, әрине, қуантады. Демек театр үшін қандай да бір критерий белгілеу керек. Фестивальдің ортасына қарай «ауа райы» өзгеріп сала берді. Бұл Астанадан келген театр жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы қойған «Дон Кихотты» ойнағанда білінді. Жас режиссура. Бірақ қойылымдарына қарасаң, жасы келген кісілер ме деп ойлап қаласың. Өздерінің сәтті шешімдерімен қуантқан режиссерлер болды. Мысалы, Әлібек Өмірбекұлы, «Дон Кихоттың» режиссері. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының режиссер Елік Нұрсұлтан қойған «Шағаласы», Қ.Қожамьяров атындағы Ұйғыр театры қойған «Мәшһүр Гален» трагифарсы мен Көкшетаудан келген Ақмола облыстық орыс театры сахналаған «Лютый» спектаклінің деңгейі қуантады. Фестиваль аясында деңгейі өте төмен, немесе деңгейі өте жоғары спектакльдер болды. Біз ұйымдастырушыларға мұндай фестивальдерге іріктеуден өткен қойылымдар қатысса деген ұсыныс айттық. Өйткені фестивальдерде қандай да бір елдің мәдениет министрлігімен келісілген спектакльдер кездеседі. Бұл дұрыс емес, мұндайдан баяғыда бас тартқанбыз. Сарапшылар болуы керек. Әсіресе, осы елдердің театр сарапшылары. Театр 10 жыл ешқайда шықпағандықтан келе салмауы керек. Себебі фестиваль деңгейіне сай болмауы мүмкін. Ал тұтас алғанда, қазақ театры үздіксіз даму үстінде.
Қазіргі Ресейдегі қиын жағдайға байланысты Петербургте оқып жүрген жас режиссерлер, сыншылар Қазақстанға келе бастады. Олардың арасында осы елдің тумалары да бар. Мен Алматыда көптеген таныстарымды кездестірдім. Осының аясында бір нәтиже болады деп күтемін. Қазақстанда адамшылық қасиет үстем. Біздің әділқазылардың төрағасы Асанәлі Әшімов болды. Ол кісіге қарсы сөз айта алмайсың. Ақылгөй, дана адам. Қорытынды шығаратын кезде, әрине, қарсы пікір айтуға тура келді. Сонда ол азапқа түсті, қиналды. Бірақ бізбен санасты, біздің пікірімізді ескерді. Ол айтқаныңды тыңдай білетін тамаша адам. Осындай достық қарым-қатынаста бір-біріміздің сөзімізге құлақ асып, ортақ шешімге келдік. Білесіздер ме, кеңестік дәуірді әркім әрқалай еске алады. Бірақ мәдени байланыстың мықты болғанына дау жоқ. Төрелік еткенде Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және Ресей елінен мен болдым. Шағын ғана кеңес одағы дерсің. Тамыры бір елдер екеніміз көрініп тұрды. Керемет әсер алдық. Фестивальге шақырғандарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Бұл туралы өзім редакторлық ететін «Петербург театр журналында» мақала жазамын. Қысқасы, мен шығыстың өзіме беймәлім қырын тануға тырыстым. Jas qazaq: Сіз талқылау кезінде Қазақстанда театр сыны дамымаған деп айтып қалдыңыз. Бізде театр сынының жоқтығы шынымен де байқалып тұр ма? Мұндай тоқтамға келуіңізге не түрткі болды? М.Дмитревская: Шыны керек, бұл сұраққа жауап беру қиын. Өз басым бір аптаның ішінде қойылымдар туралы қандай да бір театр сыны жарияланғанын көрмедім. Мен мұнда театртану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттермен, сондай-ақ оқытушылармен таныстым. Байланыс орнату үшін. Петерборда оқып жатқан студенттер Қазақстанға қайта оралды. Енді осы байланысты қайткенде де дамыту қажет. Ал кәсіби сынның жоқ екенін байқау қиын емес. Бізде оқыған жас сыншылар да оралды. Сондықтан, меніңше, алдағы уақытта қазақ театры туралы жиірек еститін шығармыз деп ойлаймын. Әрине, мен бұл туралы жазамын. Мен бұл жақта өзім үшін жаңа есімдерді таныдым. Талантты актерлер көп. Оларға кеңес бергің келеді. Аты-жөндерін айту қиынға соқты. Есіме сақтай алмай жатырмын. Әлі күнге дейін тілім келмей, әйтеуір, жаттауға тырысамын. Сол үшін аздап қысыламын. Әрине, сынның дамығанын қалар едім. Өзім сөйлескен мамандар да театр сыны кенже қалған деп санайды.

Jas qazaq: Сіз бір апта бойы жергілікті актерлердің ойыны мен сценографтардың жұмысын көрдіңіз. Оған қандай баға бересіз? М.Дмитревская: Біз фестивальде архаикалық, сонымен қатар заманауи қойылымды да тамашаладық. Ал сценография өз алдына бөлек әңгіме. Бастапқыда өте жаман әсер қалдырды. Сосын біртіндеп жақсара бастады. Сценография деңгейі онша емес. Қазақстандағы сәтті спектакльдердің бірі – Барзу Әбдіразақовтың «Сыныптастары». Оны тек орындықта отырып-ақ ойнайды. Ал ешқандай мағынасы жоқ пафостық декорацияны үйіп тастайтыны қынжылтады. Қазақ театрын алға сүйрейтін актерлер. Жақсы актерлер көп. Барлығы да жас, сәмбі талдай икемді. Сұлу қыздар көп. Мықты режиссерге тап болса, олар өсер еді. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдерге арналған театрды алайық. А.Чеховтың «Шағала» қойылымындағы жастардың шеберлігі осы театрдың деңгейін көрсетті. Сондай-ақ астаналық театр қойған «Дон Кихот» ұнады. Театрдың қазынасы – жалындап тұрған жас актерлер. Сондай-ақ, қазақ актерлерінің вокалдық мүмкіндіктері қатты таң қалдырды. Бүкіл Италияның ән шырқайтынын білуші едім. Ал Қазақстанның бұлайша ән шырқауы – мен үшін жаңалық. Меніңше, қазақ театры үздіксіз дамып келеді. Мен де оны дамытуға атсалысып, өз үлесімді қоссам деймін. Режиссерлерді танытып дегендей. Мәселен, режиссер Олжас Жанайдаровты қатты құрметтеймін. Жақында біздің журнал ол кісімен сұхбат жариялады. Оның қойған пьесаларын фестивальдерден де көріп жүрміз.
Петербургте өзім жетекшілік ететін «Пять вечеров» фестивалі өткізіледі. Алдағы уақытта қазақ театрлары да сол фестивальде өнер көрсетсе деймін. Осыны қолға алу керек. Асанәлі Әшімовке тәнті болдым. Фестиваль аясындағы барлық қойылымдарды көрді. Біздің сынымызды шыдамдылықпен тыңдады. Арасында қобалжыған кездері де болды. Әрине, өз театрына бүйрегі бұрды. Бірақ жас режиссерлер дес бермейді ғой. Осы жолы сіздің еліңізге менің табаным тұңғыш рет тиді. Мұндайда ең бастысы, ешкімге де кесіріңді тигізбеуді ойлайсың. Қазақ менталитетіне ненің сәйкес келіп, ненің сәйкес келмейтінін де білдім. Қазақ театрының дамуға деген ұмтылысын көрдім. Ата-апамыздың кезіндегідей классиканы қоюға болмайды. Әрине, бұл шешілуі қиын түйін. Мен, мәселен, татар театрының аяқ алысын жақсы білемін. Олар классика мен жаңа театр арасындағы тепе-теңдікті сәтті тапқан. Меніңше, осыны негізге алып, Мұхтар Әуезовтің классикасына жаңаша леп беруге болады. Jas qazaq: Сіз бір пікіріңізде театрға цензура керек емес деп едіңіз. Онда әр режиссер қандай да бір спектакльді өз көзқарасы тұрғысынан қойып, былайша айтқанда, анархия басталып кетпей ме? М.Дмитревская: Мен театр ештеңеден қорықпау керек дегенді үнемі айтамын. Театр ешкімге тәуелді болмауы керек. Бұл өнердің басты мақсаты – көрерменді таң қалдыру. Jas qazaq: Сіз бір сұхбатыңызда былай депсіз: «Қазіргі театр әдебиеті – хабарлама, аннотация, жұлдыздардың сұхбаты. Мұны театр сыны деуге келмейді. Өйткені онда көркемдік нысан жоқ. Бұл – журналистика». Қалай ойлайсыз, театр сыншысы болу үшін арнайы білім керек пе? Мысалы, сіз өзіңіз қалай театр сыншысы болдыңыз? М.Дмитревская: Петербург театртану мектебі – Ресейдегі тарихы терең, ең мықты, ең ескі орда. 1939 жылы онда театртану факультеті ашылды. Мен осы факультетте бес жыл білім алдым. Өмір бойы осы салада сабақ беріп келемін. Бұрын шәкірттерді 5 жыл оқытатынбыз. Қазір 4 жыл. Мен театр туралы жазатын журналистерді жек көремін. Өйткені олар театр өнері туралы түк білмейді. Әрине, оқыту керек. Театр сыны дегеніміз – режиссерлік әрі актерлік шеберлік секілді шығармашылық жұмыс. Бізде театр сыны жоғары дамыған. Әр қалада тек театр туралы ғана жазатын мамандарымыз бар. Jas qazaq: Театр сыншысы маманының болашағы бар ма? Әлде сыншылардың соңғы тұяғы өзіңіз бе? М.Дмитревская: Әрине, болашағы бар. Басқаша болуы мүмкін емес. Театр мәдениеті бар болса, театр сыны да бірге дамитын болады. Бізде сынды дұрыс қабылдайды. Сын қай кезде болса да керек. Кәсіби сын театрдың дамуы үшін керек қой. Jas qazaq: Қазіргі ғаламтор заманында тасқа басылатын газет-журнал азайып барады. «Петербург театр журналының» тұрақты шығып тұруының сыры неде? Сіздерде қаржыландыру жағы қалай шешіледі? М.Дмитревская: Біздің журналға биыл – 30 жыл. Мен бір кездері оны өзім ойлап тауып едім, содан бері үзбей шығарып келеміз. Журнал жыл сайын «өледі». Себебі бізге мемлекеттен қолдау жоқ. Жыл сайын түрлі гранттарға өтініш береміз. Кейде грант аламыз, кейде алмаймыз. Кейде тіпті айлық алмаймыз. Бұрын журнал ғана шығатын. Қазір сайтымыз да бар. Сайтта күн сайын түрлі блог жүргіземіз. Бізге журналдың шыққаны керек. Сайт қағазды алмастыра алмайды. Сондықтан біз өзекті, проблемалық материалдарды көбірек жазуға тырысамыз. Өйткені өнер туралы жазбаларды сайтқа жариялағың келмейтін кездер болады. Тереңнен толғап жазған дүниең сайтта көрінбеуі мүмкін.
Журнал өмір сүреді. Биыл грант ала алмадық. Бірақ, әйтеуір, күтпеген жерден шәкіртім кездесіп, көмек қолын ұсынды. Ол жыл соңына дейін қаржыландыратын болды. Ары қарай не болатынын уақыт көрсетеді. Jas qazaq: Уақыт бөліп, бізге сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттсқан Мақпал Ноғайбаева

https://jasqazaq.kz/teatrdyn-damuy-yshin-kasibi-syn-kerek/


Өзге жаңалықтар