Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толды. Осы мерейлі жылға орай еліміздің әр өңірінде түрлі шаралар жүргізілуде. Бірінші қарашада Алматыдағы ұлы жазушының өз атындағы театрда басталған фестиваль сол шаралардың ең бір сүбелісі
деуге болады. Анығырақ айтсақ, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Орталық Азия елдерінің VIII халықаралық театр фестивалі басталды.
Халықаралық фестиваль басталар алдында әдеттегідей баспасөз мәслихаты өткізілді. Мәслихатты аталған театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек жүргізіп, фестивальдің қазылар алқасын таныстырды. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, мүшелері: өнертану ғылымының докторы, Әзербайжан мемлекеттік Мәдениет және өнер университетінің профессоры Исрафил Исрафилов,
өнертану ғылымының докторы, профессор, Өзбекстан Көркемсурет академиясының«Санат» журналының бас редакторы
Диляфруз Қадырова, театртанушы, «Петербург театр» журналының бас редакторы, Ресей мемлекеттік сахна өнері институты, орыс театры кафедрасының профессоры Марина Дмитревская және бірнеше елден келген мамандар бар екені айтылды.
Еркін Жуасбектің айтуынша, сегізінші мәрте тізгін қаққалы тұрған фестиваль алғаш Алматыда, сосын жаңа ғимараттардың ашылуына байланысты Астанада, Талдықорғанда өткізілген кездері болыпты. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арнап ұйымдастыруды тапсырыпты.
Фестивальге алпысқа жуық ұсыныс түскен. Анар Еркебай бастаған мамандардан құралған сараптау комиссиясы олардың ішінен 11 спектакльді іріктеп алыпты. Нәтиже барынша әділ болуы үшін әрбір елден бір-бір сарапшы шақырылған. Қазақстаннан да қазылар алқасына жалғыз Асанәлі Әшімов енгізіліпті. Фестиваль төрт бағдарламадан құралған. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың тапсырмасымен Англия, Үндістан, Пәкістан секілді әлемнің он елінен театр продюсерлері шақырылыпты. Ондағы мақсат – тек мемлекеттік емес, жекеменшік театрларға да көңіл бөлу. Олар Алматыдағы кәсіпқой, жекеменшік театрлардың ойынын көріп, бағасын береді, ұсыныстарын айтады. Яғни олардың ойындары да бағдарлама бойынша қатар жүргізіледі.
Өз кезегінде әзербайжандық театртанушы Исрафил Ирафилов
Қазақстанда өткізіліп келе жатқан аталмыш фестивальге үнемі қатысып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда театр саласы жан-жақты дамып келеді. Шетелдіктер үшін үйренетін дүниелер де баршылық. Жалпы театр болған жерде байқау да өткізіп тұру қажет. Онсыз өсіп-өркендеу қиын. Осы фестиваль де алда театр ұжымдарының дамуына қомақты үлес қосатынын айтты.
Марина Дмитревская орыс
театрына әлемнен мүлдем оқшаулану қаупі төнгенін сөз етті. «Саясат қанша құйтырқы болса да, мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстар үзілмеуі тиіс. Алматыға бірінші мәрте келуім, шақырғандарыңызға көп рақмет», – деді. Сондай-ақ санкт-петербургтіқ қонақ отыз жылдан бері «Петербург театры» журналын шығарып келеді екен. Таңғаларлығы – «Петербург театры» Ресейдегі бұл сала бойынша шығатын жалғыз журнал.
Фестивальге тақырыптық, жанрлық еш шектеу қойылмаған, тек ең жақсы спектакльдерді ұсыну сұралыпты. Түркі халықтарын да қамту үшін Ресейден Татарстан, Башқұртстан және Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан театрлары қатысады. Қазақстаннан Мұхтар Әуезов театры «Қан мен тер», Ғабит Мүсірепов театры «Шағала», Қалыбек Қуанышбаев театры «Дон Кихот», Ақмола облыстық орыс театры «Көксерек» спектаклін көрсетпек. Алғашқы күні қонақтардың құрметіне шашу ретінде «Қарагөз» спектаклі көрсетілді.
Әрине, фестиваль болғасын Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері қызыл кілемнің үстімен сап құрап өтті. Түркі елдерінің тулары желбіреді. Фестиваль 7 қарашаға дейін жалғасады.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
https://anatili.kazgazeta.kz/news/61137