Обаев Есмұқан

Обаев Есмұқан

Өмірбаян

Кеңесші

Қазақ ССР - нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1975 ж.), Қазақ ССР - нің халық артисі (1988 ж.), Өнертану ғылымының профессоры (1993 ж.), Театр өнеріне қосқан зор үлесі үшін «Бас тарлан - Платина» сыйлығының иегері (2004 ж.), «Парасат» орденінің иегері (2007 ж.), «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері (2011 ж.), «ІІ - дәрежелі Барыс» орденінің иегері (2014 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалінің иегері (2016 ж.), "Сахнагер" Ұлттық театр сыйлығының иегері "Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін" (2018 ж.), "Астана 20 жыл" мерекелік медалінің иегері (2018 ж.), "І - дәрежелі Барыс" орденінің иегері (2021 ж.).

1942 жылы Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келді.

1960 - 1964 жж. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының театр факультетінің "Режиссура" мамандығы бойынша бітірді.


Жұмыс тәжірибесі:

1965 - 1967 жж. М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қоюшы - режиссер болып еңбек атқарды.

1968 - 1970 жж. Мәскеудегі М. Горький атындағы академиялық театрына (МХАТ) екі жылдық жоғарғы курсты оқып бітірді. МХАТ - та КСРО халық артистері М. Н. Кедров пен И. М. Раевскийден дәріс алды.

1970 - 1972 жж. Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы - режиссер.

1972 - 1992 жж. Семей облыстық Абай атындағы музыкалық драма театрында көркемдік жетекші.

1992 - 1995 жж. Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр және кино институтының (Өнер Академиясы) ректоры.

1995 - 2001 жж. ҚР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, ҚР Мәдениет Комитеті төрағасының орынбасары лауазымды қызметтерін атқарды.

2001 жылы қыркүйекте ҚР Мәдениет министрінің бұйрығымен М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды.

2013 жылдың сәуір айынан бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі.


Режиссерлік жұмыстары:

1970 - 1972 жж. Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Б. Майлинң «Шұға»,

С. Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы», «Ботагөз»,

М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн»,

Ә.Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі»,

Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек»,

«Манастың ұлы Семетейді» Қырғыз Мемлекеттік академиялық драма театрында,

М. Әуезовтің «Қарагөзін» Ош облыстық драма театрында,

М. Әуезов "Абай" Ыстықкөл облыстық драма театрында,

М.Ғаппаровтың «Тұзды шөлін» Қырғыз Мемлекеттік Жасөспірімдер театрында сахналады.

М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында:

М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Абай»,

Н. Гогольдің «Ревизор» («Пара»),

Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасу»,

Ә. Әмзеұлының «Қара кемпір»,

Қырғыз драматургы Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай…»,

И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» (Т.Аралбаймен бірге),

Н. Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді»,

Д. Исабековтің «Жаужүрек»,

Т.Әбдіковтің «Ұлы мен Ұры», т.б. қойылымдарды сахналады.

1972-1992 жж. Семей облыстық Абай атындағы музыкалық драма театрында көркемдік жетекшілігімен

Н. Гогольдің «Үйлену», «Ревизор»,

М. Горькийдің «Шыңырау түбінде»,

У. Шекспирдің «Асауға – тұсау»,

Ғ. Фаизидің «Башмағым»,

С. Құдаштың «Құдаша»,

У. Гаджибековтің «Аршын мал алан»,

О. Иоселианидің «Арбаң аман болсын»,

Ұлттық классикадан:

М. Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Дос – Бедел дос»,

Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»,

С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларын,

Е. Рахмадиев, Ғ.Мүсіреповтің «Қайран, Майрасын»,

Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, С. Жүнісовтердің драмалық шығармаларымен қатар, драматургияға 1975 - 1990жж. келген жас буын өкілдері О. Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар»,

Д. Исабековтің «Әпке», «Перизат»,

Т. Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасу»,

Н. Оразалиннің «Тас киіктер»,

Р. Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде», «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог»,

Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді.

1995 - 2001 жж. Германияда, Үндістанда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және тағы басқа алыс-жақын шетелдерде өткен қазақ өнері мәдени күндерінің көркемдік жетекшісі,

Ұзақ жылғы режиссерлік қызметінде Абайдың 150, Жамбылдың 150, М. Әуезовтің 100, Түркістанның 1500 және Тараздың 2000 жылдық тойларында ұлттық мерекелердің қойылым топтарын басқарып, шығармашылық қызғылықты ізденістер танытты.

К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера-балет театрында, облыстық көптеген қазақ және орыс, сондай-ақ, Орта Азия театрларында 100 - ден аса спектакль қойды.